ШұғылҚазақстанда өткен тәулікте 1180 адам коронавирус жұқтырды

Карантин жарияланған күннен бастап Алматыдағы қылмыс саны күрт азайған

Көшедегі көлік саны үш есеге дейін азайған

Соңғы үш тәулікте Алматыда қылмыс саны 23,4%-ға азайған. Бұл туралы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Мәселен, 16 наурызда Алматыда 73 қылмыс тіркелсе, 20 наурызда 52 жағдай болған. Полиция жол-көлік оқиғаларының да азайғанын айтады.

«Қылмыс азайғанмен, жедел орталыққа шалынған қоңырау саны көбейген. Алматы қаласы карантинге жабылған күні 4 мыңнан астам қоңырау түскен. Әкімдіктің мәліметінше, көшедегі көлік саны үш есе азайған. Қазір қала айналасындағы блок-бекеттерде 1 мың полиция мен қарулы күштердің 400 сарбазы кезекшілік жұмыс атқарып жатыр», - делінген хабарламада.

Карантин басталғаннан кейін, яғни 19 наурыз күні Алматыға 27 блок-бекеттен 4683 көлік кіріп, 3884 авто шығып кеткен. Сондай-ақ қаладан 27 032 адам шығып, шаһарға 47 325 адам кірген. Ал, 20 наурыз күні 17 810 автөлік шығып, 10 772 көлік кірген. Кірген көліктерде 47 325 адам болған.

20 наурыздағы жағдай бойынша блок-бекеттердегі жағдай тұрақты. Мұнда полиция мен Қорғаныс министрлігінің әскери қызметшілері, Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің, фито және ветеринариялық бақылау департаментінің мамандары нақты нұсқаулар бойынша қызмет атқарып отыр.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы