ШұғылCOVID-19 жұқтырған 16 науқас аса ауыр халде жатыр

Карантиннің алғашқы күні тыныш өтті – Елорда полициясы

Полиция департаменті 22 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан қаласына кіріп-шығатын жолдар жабық болатынын тағы да ескертті

фото: Батыржан Беспаев

Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаменті бастығының орынбасары Айдос Рысбаев карантиннің алғашқы күні туралы есеп берді. Айтуынша, блок-бекеттерде әзірге ешқандай тәртіп бұзу болмаған. Керісінше, көлік иелері түсіністік танытқан.

«Карантиннің бірінші күні тыныш өтті. Полиция қызметкерлері екі минуттың ішінде планшеттің көмегімен база бойынша тексерулер жүргізді. Тексерулер барысында шыдамдылық пен түсіністік танытқан автокөлік жүргізушілеріне, жолаушыларға алғысымызды білдіреміз. Енгізілген шаралар азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет», - деді А.Рысбаев.

Полиция департаменті тұрғындар мен қонақтарға 22 наурызға дейін ғана қалаға кіріп-шығуға рұқсат барын тағы да ескертті. Ал қала маңындағы карантин аумағына енетін ауылдардың азаматтары өздерімен бірге әрдайым құжаттарын алып жүруі керек.

«Елордалық полицияның жеке құрамы қызмет атқарудың ерекше тәртібіне ауыстырылды. Полиция департаменті 22 наурыз сағат 00:00-де Нұр-Сұлтан қаласына кіретін және шығатын жолдар жабық болатынын ескертеді. Көлік кептелісі мен кезекте тұруды болдырмас үшін қала тұрғындары мен қонақтарына алдын ала тиісті шаралар қабылдауға кеңес береміз. Блок-бекеттерде тұрған полиция қызметкерлеріне көрсету үшін өзіңізбен бірге міндетті түрде жеке куәлігіңізді және басқа да құжаттарыңызды алып жүріңіз», - деді А.Рысбаев бұған қатысты.

Еске салсақ, Нұр-Сұлтан қаласының іргесінде 7 бақылау-өткізу бекеті бар. Қала периметрі бойынша тұрғындардың қозғалысы мен көліктердің кіріп-шығуын шектеу үшін қала шеңберінде 6 блок-бекет орнатылды, қосымша Ақмола облысына тағы 1 блок-бекет орнатылды.

  • № 1 блок-бекет – Екатеринбург – Алматы  бағытындағы жолда (Талапкер елдімекені орналасқан аудан);
  • № 2 блок-бекет - Нұр-Сұлтан  – Петропавл бағытындағы жолда;
  • № 3  блок-бекет - Нұр-Сұлтан – Ерейментау – Шідерті бағытындағы жолда (Қоянды орналасқан аудан);
  • № 4 блок-бекет - Нұр-Сұлтан – Қорғалжын бағытындағы жолда (Шығыс Ильинка орналасқан аудан);
  • № 5 блок-бекет - Нұр-Сұлтан – Киевка – Теміртау бағытындағы жолда (Қосшы ауылы орналасқан аудан);
  • № 6 блок-бекет – Екатеринбург – Алматы бағытындағы жолда (Жібек жолы орналасқан аудан); 
  • № 7 блок-бекет -  Нұр-Сұлтан қаласында айналма жолында.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан