Қазақстанда коронавируспен күрес жөніндегі ресми сайт іске қосылды
Сайтта өзекті әрі пайдалы ақпараттар топтастырылған

Қазақстанда коронавирус инфекциясымен күреске арналған ресми сайт іске қосылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Бұл туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев мәлімдеді.
Министр www.coronavirus2020.kz ресурсында коронавируспен күреске байланысты мемлекет қабылдаған шаралар, төтенше жағдай режиміне қатысты, карантин кезінде азаматтардың тәртіпті сақтауы туралы, әлеуметтік желілерде тарап жатқан жалған ақпараттардың жоққа шығарылуына қатысты өзекті ақпараттар мен өзге де пайдалы мәліметтердің жарияланып отыратынын атап өтті.
«Сайтта қауіпті жұқпалы аурудың алдын алу, аурудың негізгі белгілері, ауру белгілері пайда болған кезде науқастың өзін қалай ұстауы және қайда хабарласуы керектігі туралы өзекті әрі пайдалы ақпараттар жүктеп алуға ыңғайлы инфографика, суреттер түрінде топтастырылған», – деп жазады министр Facebook парақшасында.