$ 521.67  592.46  6.32
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Шекті сома 100 млн доллар»: депутат заңсыз активтерді қайтару жайында

Президент «Заңсыз иемделінген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заңға қол қойды. Бұл ел асыға күткен заңдардың бірі

«Шекті сома 100 млн доллар»: депутат заңсыз активтерді қайтару жайында

Заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару мәселесі бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Халықты Қазақстанның көптеген байлығын заңсыз иемденіп алғандар ашындырып жатқаны жасырын емес. Заңсыз активтерді қайтару қалай жүзеге аспақ?  Депутаттар осыған қатысты жан-жақты пікір білдіріп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Ұрланған активтер мен қаражатты елге қайтару азаматтық тәркілеу жүйесіне сүйенеді және бұл халықаралық стандарттарға сәйкес келеді.

«Мұнда ең үздік шетелдік тәжірибе қолданылады. Заң жобасын дайындау кезінде АҚШ, Канада, Германия, Ұлыбританияс Австралия сияқты мемлекеттердің сот шеңберінде мүлікті азаматтық тәркілеу тәсілдері зерттелді. Оның мәнісі мынада: активтерді тәркілеу үшін заңсыз мүлік иесі өзінің лауазымы мен өкілеттіктерін пайдаланып, активтерді заңсыз иемденіп алғанын немесе қылмыстық әрекетке қатысы барын дәлелдеуі тиіс. Азаматтық тәркілеудің қылмыстық және әкімшілік тәркілеуден айырмашылығы, ол мерзімі өтіп кетсе де қылмыстық жауапқа тартуда ескіру мерзімдерімен шектелмейді. Азаматтық тәркілеу тәсілін Еуропаның Адам құқықтары жөніндегі комиссия кінәсіздік презумпциясына қайшы келмейтінін, сондай-ақ, негізгі мүліктік құқықтарды бұзбайтынын мәлімдеген»,  - деп түсіндірді депутат Қайрат Балабиев.

Заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару Заңы ел үшін игілікті құжаттың бірегейі деген үміт бар. Заң Парламент қабырғасында талқыланып, қос палата депутаттарымен мақұлданды. Заңсыз иемделінген активтерді мемлекетке қайтару күрделі процестердің бірі. Сондықтан активтерді ерікті немесе мәжбүрлі түрле қайтару қарастырылған.

«Біріншісі - заңсыз иемделінген активтерді қайтару ерікті түрде қайтару, ал екіншісі Республиканың, шет мемлекеттердің сот актілері немесе шет мемлекеттердің құзыретті органдарының шешімдері негізінде мәжбүрлі түрде жүзеге асырылуы мүмкін. Өз еркімен тапсырғандарға заңда белгіленген жеңілдіктер қолданылады, ал қаражатты жасыру сияқты заңсыздықтарға баратын болса, онда барлық құқық бұзушылықтар негізге алынып тергеу толық жүргізіледі. Қайтару тетіктері ірі сыбайлас жемқорлық субъектілеріне және әкімшілік-билік ресурстары (байланыстары, ықпалы) бар адамдармен сыбайлас олигополиялық топтарға қолданылады. Сонымен қатар, жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын (атқарған) субъектілерге, мемлекеттік заңды тұлғаларға, квазимемлекеттік сектор субъектілеріне, сондай-ақ аталған тұлғалармен аффилирленген субъектілерге қолданылады»,  - деді ол.

Заң ережелерін қолдану үшін көрсетілген критерийлерге қосымша тұлғаларда Заңда белгіленген шекті сомадан – 13 млн АЕК-тен асатын (44 млрд 850 млн теңге немесе шамамен 100 млн АҚШ доллары) активтері болуға тиіс. Активтерді қайтару жұмыстарын жаңа құрылымдағы арнаулы уәкілетті орган - Бас прокуратура ведомствосы жүзеге асырады. Декларацияда субъектілер заңды тұлғаның кірістерін, активтерін, жарғылық капиталына қатысу үлестерін, Қазақстандағы және шетелдегі қарыздарды, активтердің шығу тегі туралы өзге де мәліметтерді көрсетіп, дәлелдеуі керек. Егер тұлға активтерді иемденудің заңдылығын растай алмаса, онда мұндай активтер шығу тегі түсініксіз активтер деп танылады.

«Заңсыз шығарылған активтер Мониторинг және талдау барысында анықталады. Заңсыз иемденгендердің тізімі жабық болғанымен, активтерді қайтару процессінің ашықтығы қамтамасыз етіледі. Ол үшін арнайы комиссия жұмыс істейді. Уәкілетті орган тарапынан сатып алынған активтердің заңдылығына қатысты орынды күмән туындаса, ол активтерді қайтару жөніндегі Премьер-Министр жасақтаған, Парламент депутаттарынан, қоғам қайраткерлерінен, Үкімет мүшелерінен, мемлекеттік органдардың бірінші басшыларынан және өзге де тұлғалардан құралған комиссияға осындай субъектілер мен олардың үлестес тұлғаларын тиісті реестрге қосу туралы ұсыныстар енгізеді. Өз кезегінде комиссия тұлғаларды Реестрге енгізу туралы шешім қабылдайды. Сондай-ақ әлеуметтік, саяси және экономикалық тұрақтылықты ескере отырып, активтерді қайтару жөніндегі алдағы шаралар туралы шешім қабылдайды.

«Комиссия адамдарды Реестрге енгізген жағдайда, уәкілетті орган бұл туралы оларды хабардар етеді және осы сәттен бастап тұлғалар активтерді иемденудің заңдылығын растай отырып, активтер туралы декларацияны бір ай ішінде не 3 ай ішінде тапсыра алады». Заңсыз иемденгендердің тізімі жабық болғанымен, активтерді қайтару процессінің ашықтығы қамтамасыз етіледі. Мемлекет пайдасына түскен активтер Қаржы министрлігіндегі қолма-қол ақшаны бақылау шоты саналатын Арнаулы мемлекеттік қорға беріледі. Қаражат Арнаулы мемлекеттік қордан әлеуметтік, экономикалық жобаларды қаржыландыруға жұмсалады. Заң жарияланғаннан кейін 10 күн өткен соң қолданысқа енгізіледі,  - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қайрат Балабиев.

Серіктес жаңалықтары