156 млн теңге бөлінген: Павлодар облысында ауыл тұрғындары ескі мәдениет үйін жөндеуге қарсы
Ал жөндеу жұмыстары жергілікті қауымдастық пен мәслихат депутаттарының бақылауында
Павлодар облысы Ақтоғай ауданына қарасты Әуелбек ауылындағы ескі мәдениет үйі 30 жылдан астам уақыт бос тұрған. Биыл оған аудан әкімдігі күрделі жөндеу жүргізіп жатыр. Алдайда, оған жергілікті тұрғындар қарсы. Себебі, өткен ғасырда салынған ғимараттың қабырғасы шытынап, плитасы опырыла бастаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Астана арнасына сілтеме жасап.
«Бұл бос тұрған ғимараттың қай күні құлайтыны белгісіз. Сыртын бір-екі күнде жауып тастайды. Былай айтқанда, сырты бүтін, іші түтін. Ертең құлап жатса, оған кім жауап береді? Мәселе сонда», - дейді ауыл тұрғыны Мұрат Шүкен.
Тұрғындардың бұл пікірімен аудан әкімдігі келіспейді. Айтуларынша, ғимаратты жөндеместен бұрын 3 бірдей сараптама жасатқан. Тексеру қорытындысы бойынша жөндеу жүргізуге рұқсат бар. Тек сөгілген қабырға мен опырылған плитаны қалпына келтіру міндеті жүктелген.
«Екі эспертизадан кейін оң шешім шықты. Бұл ғимараттың синерлері темір арматурамен тартылған. Құламау үшін, одан әрі қарай ыдырамау үшін қысылған. Эксперттердің қорытындылары бізге кепіл бола алады. Бұл халық үшін де ғимараттың құламайтынына кепіл болуы тиіс», - дейді Ақтоғай аудандық мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Нұрбол Мұхитов.
Ал жөндеу жұмыстары жергілікті қауымдастық пен мәслихат депутаттарының бақылауында.
«Ғимараттың басталғанынан бастап, осының басындамын. Әр этабын өзім тексеріп, үстінен бастап, бар жұмысын өзім қарап, өзім қадағаладым. Бірнеше сұрақтар болды. Оның бәрін меңгердік», - дейді Ақтоғай аудандық мәслихатының депутаты Ризабек Кетіков.
Ғимараттың құрылысына қазынадан 156 млн теңге бөлінген. Қазіргі уақытта нысанның сыртын қаптау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биыл күзде қолданысқа беріледі деп күтіліп отыр.