Асхат Оралов туризм саласын дамытуға арналған жоспарлар туралы айтты

Azattyq Rýhy

Жұмыспен қамтылған азаматтар санын 800 мыңға жеткізу жоспарланған

Асхат Оралов туризм саласын дамытуға арналған жоспарлар туралы айтты

Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов 2023-2029 жылдарға арналған Мәдени саясат тұжырымдамасындағы бағыттар туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Осыған дейін Мәдениет және спорт министрлігі әзірлеген Дене шынықтыру мен спортты дамыту тұжырымдамасы, сондай-ақ 2023-2029 жылдарға арналған Мәдени саясат тұжырымдамасы туралы жазған болатынмын. Бүгін алдағы бірнеше жылда еліміздің туризм саласын дамытуға арналған жоспарлармен бөліскім келеді - тұжырымдама қабылданды. Біздің мақсатымыз - туризмді елдің экономикалық дамуының басым бағытына айналдыру. Атап айтқанда, осы саладағы жұмыспен қамтылған азаматтарымыздың санын 800 мыңға дейін, ал саладағы жалпы қосымша құн көлемінің өсімін 6 трлн теңгеге дейін ұлғайту. Қонақ үй және тамақтану қызметтеріндегі инвестиция өсімін 260 млрд теңгеге дейін арттыру жоспарланып отыр», - деді Асхат Оралов.

Министр атағандай, тиісті көші-қонды бақылау eQonaq электронды жүйесі және арнайы мобильді қосымшаларды енгізу арқылы іске асады.

«Сондай-ақ уәкілетті органдармен бірлесіп, визалық, көші-қон саясатын либерализациялауға байланысты тәуекелдердің алдын алу жөнінде іс-шаралар қабылданады. Салынған қаражаттың тиімділігін бағалау үшін туристік инфрақұрылымның даму деңгейі бойынша өңірлердің ұлттық рейтингтік бағасын енгізу жоспарланып отыр. Рейтинг Қазақстанның туристік картасына енгізілген басым бағыттар мен ТОП-50 дестинацияны қамтитын болады. Өңірлік туризм саласындағы шағын, орта және ірі «зәкірлік» инвестициялық жобаларды іске асыруға жеке капитал тартылады. Маңғыстау облысы, Түркістан облысы, Алматы тау-шаңғы кластері және басқа да орындар басым аймақтар ретінде қаралады. Туризмді дамыту шеңберінде ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда АҚШ, Австралия және Грузия сияқты елдердің тәжірибесі қолданылады. Қазақстанның маңызды табиғи нысандарын сақтау үшін инвесторлар тартылады, ал мемлекеттік ұлттық табиғи парктердің инфрақұрылымын дамыту жалғасады», - деді министр.

Мысалы, Имантау-Шалқар курортты аймағын дамыту аясында Солтүстік Қазақстан облысында орналасқан жердің туристік-рекреациялық қызметінің жол картасын әзірлеу жоспарланып отыр.

«ТЖМ аумақтық бөлімшелерін туристердің жүріп-тұру маршруттары туралы хабардар ету бойынша талап енгізіледі. Бұл ақпарат іздеу іс-шараларын уақтылы ұйымдастыру және қажет болған жағдайда медициналық көмек көрсету немесе эвакуациялау үшін аса маңызды. Сондай-ақ бүкіл еліміз бойынша туристік жолдарды таңбалау жөніндегі стандарт қабылданады. Маршруттарды бөлу туристердің даярлық деңгейі мен күрделілігіне қарай жүргізіледі. Әр санат белгілі бір түске сәйкес жасалып, соқпақтың басында оның күрделілігі және туристке қажетті талаптар туралы ақпарат орналастырылады. Деректер, ақпараттық қалқандар мен стендтерді орнату туристерге дұрыс бағыт-бағдар алуға және саяхаттың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деді ол.

Ол атағандай, саяхатшыларды барлық қажетті ақпаратпен қамтамасыз ету үшін, мысалы, туристік нысандардың орналасқан жері және жергілікті жерлерде көрсетілетін қызметтердің тізбесі туралы Ұлттық туристік порталды дамыту жалғасады.

«Ол Қазақстанда және шетелде отандық туристік өнімнің танылуын арттыруға бағытталған мобильді қосымшалар мен веб-порталдардың бірыңғай жүйесіне айналады. Жүйе кәсіпкерлер үшін жекелеген бизнес-процестерді автоматтандырады, бағалаулар мен рейтингтер арқылы нарықты бақылауға мүмкіндік береді. Бұл туризмді цифрлық экономиканың толыққанды сегментіне айналдыруға және бірыңғай цифрлық ақпараттық платформа құруға көмектеседі.Туризм саласында кадр даярлау жүйесін жетілдіру жөніндегі іс-шаралар іске асырылады. Мысалы, халықаралық сарапшыларды тарта отырып, білім беру бағдарламаларын дайындауға арналған әдіснамалық ұсынымдар әзірлеу, ағылшын тіліндегі пәндер үлесін арттыру және бизнес өкілдерін білім беру бағдарламалары мен оқу-әдістемелік материалдарды әзірлеуге тарту. Қонақ үй менеджерлерін, туроператорларды және «Болашақ» бағдарламасының түлектерін оқыту мен диплом жұмыстарына басшылық етуге тарту мүмкіндігі, сондай-ақ оқыту бағдарламаларына қысқа мерзімді курстарды енгізу мүмкіндігі қаралады. МСМ бағынысты Түркістандағы Халықаралық туризм және меймандостық университеті (Iuth) Францияның Vatel меймандостық институтымен бірлескен білім беру бағдарламасымен жұмыс істеп келеді. Қазіргі уақытта қазақстандық университет Польша, Қытай, БАӘ, Сингапур, Австрия, Түркия және Анже университетінен (Франция) оқу орындарын қоса алғанда, 29 шетелдік жоғары оқу орнымен келісімшартқа отырған», - деді Оралов.

2029 жылдың соңына дейін туризм саласында кемінде 14 мың адамды біліктілік арттыруға арналған іс-шаралармен қамту жоспарланған.

«Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, ауқымды және танымал іс — шараларды өткізу туристерді тартудың ең тиімді құралдарының бірі. Ең тартымды ұлттық туристік өнімдер мен әлеуеті зор географиялық нарықтарға баса назар аударылады. Елімізді ілгерілетудің арнайы стратегиясы әзірленеді.Қазақстандық MICE-туризмнің әлеуетін ескере отырып, бұл бағыт халықаралық тәжірибеге сай дамиды. Қазақстанның MICE-дестинациялары халықаралық аренада, оның ішінде халықаралық қауымдастықтар платформалары арқылы насихатталады. MICE-туризм өкілдері елге MICE-іс-шараларды тартумен белсенді айналысатын болады.Қазақстанды ілгерілетудің бірінші кезеңінде инфрақұрылым және туристік ұсыныстар тұрғысынан неғұрлым дайын өңірлерге назар аударылады: Астана қаласы және Ақмола облысы (Щучье-Бурабай курортты аймағы), Алматы қаласы және Алматы облысы, Шымкент қаласы және Түркістан облысы, сондай-ақ Ақтау қаласы», - деді ол.

Ұйымдастырылған ішкі туризмді ынталандыру үшін қолданыстағы Kids go Free бағдарламасымен қатар туристік кэш-бек енгізіледі.

«Жоғарыда аталған барлық бағыт бойынша белсенді жұмыс 2030 жылға қарай ішкі туристер санын 11 млн адамға, ал шетелдік туристер санын 4 млн адамға дейін арттыруға септік етеді. Қазақстанның орналасу орындарында төсек-орын санын 280 мың бірлікке дейін жеткізу күтіліп отыр. «Саяхат» жіктемесі бойынша қызметтер экспорты 5,5 млрд АҚШ долларына дейін өседі», - деді ол.

 

 

 

 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.