Теміртауда антисептик жасаған заңсыз цех табылды
Спрейге «ГросФарм» тауар белгісін жапсырған

Теміртау қаласында заңсыз жолмен микробтан қорғайтын спрей дайындаған цех жұмысы әшкере болды. Сұранысты пайдаланып, медициналық өнімді астыртын шығарған адам оны Қарағанды облысы тұрғындарына сатып келген. Өнім құрамында қандай қоспалар бары әрі оның адам денсаулығына зиян немесе зиян емесін сараптама анықтайтын болады. Қарағанды облысының экономикалық тергеу департаменті заңсыз антисептик жасаған ер адамды қолға түсірді. Оның шығарған өнімдері қоймадан және емхана дәріханаларынан тәркіленді.
«Басқа тауар белгісін пайдаланып, «Алкосепт» деген өнім шығарған цехтың спрейлері медициналық мекемелерге түскен. Бүгінде ҚР Қылмыстық кодексінің 222-бабының 1-бөлігіне сай тергеу амалдары жүргізілуде» ,- деп хабарлады Қарағанды облысының экономикалық тергеу департаменті.
Арайлым Еркебаева, Қарағанды