$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
04.07.2023, 15:18
Қоғам

«Оны жою үшін көп уақыт қажет»: Сәтқалиев МАЭК-тегі апатқа кінәлілерді комиссия анықтайтынын айтты

Апатқа жабдықтың әбден тозуы себеп болған

«Оны жою үшін көп уақыт қажет»: Сәтқалиев МАЭК-тегі апатқа кінәлілерді комиссия анықтайтынын айтты
Фото: kaz.zakon.kz

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев МАЭК-тегі апатқа кінәлілерді арнайы комиссия анықтайтынын айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Оның айтуынша, Атыраудағы мұнай өңдеу зауыты мен МАЭК-тегі апатқа қатысты соңғы шешім комиссия жұмысы аяқталған соң жарияланады.

«МАЭК-тегі апатқа қатысты олқылықтар ертең кешке дейін жойылады. Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, арнайы комиссия құрылды. Оған мемлекеттік энергоқадағалау органы, Энергетика министрлігі, сала субъектілері кіреді. Комиссия жұмысының қорытындысы бойынша жауапты қызметкерлердің қайсысы жазаға тартылатындығы туралы нақты айтамыз», - деп жауап берді ведомство басшысы Үкімет отырысынан кейін.

Сонымен қатар ол аталған энергия нысаны бойынша жол картасы жасалғанын алға тартты.

«Апатқа жабдықтың әбден тозуы себеп болған. Оның салдарын жою үшін көп уақыт қажет», - деді Алмасадам Сәтқалиев.

Еске салайық, 3 шілдеде еліміздің батысындағы өнеркәсіп орындары мен кейбір елдімекендер жарықсыз қалды. Мамандар мұны «МАЭК» ЖШС-нің жылу электр орталығындағы бірінші энергоблоктың апатты жағдайда өшірілуімен байланыстырды.

Мемлекет басшысы Мемлекеттік комиссияға Атырау мұнай өңдеу зауыты мен МАЭК-тегі апаттардың себептерін тексеруді тапсырды.

АМӨЗ бұл жағдайға қарамастан, жинақталған қор есебінен мұнай өнімдерін жөнелтуді жалғастырып жатыр.

2023 жылы ҚМГ кен орындарында электр қуаты жалпы 153 рет үзілген, бұл 75 мың тонна мұнай көлемінің өндірілімеуіне әкелді. Ал қайта іске қосу жұмыстарына жұмсалған шығынды ескере отырып, жоғалтқан шоғырландырылған қаржылық пайда 60 млрд теңгеден асады.

Серіктес жаңалықтары