Электр қуатының үзілуінен «ҚазМұнайГаздың» бірқатар кәсіпорны ірі шығынға ұшырады
АМӨЗ жинақталған қор есебінен мұнай өнімдерін жөнелтуді жалғастырып жатыр
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма Төрағасы Мағзұм Мырзағалиев Атырау мұнай өңдеу зауытында болып, МАЭК тарапынан электр қуатының ажырауына байланысты өндірісті тоқтатуға мәжбүр болған кәсіпорынды қайта іске қосу барысымен танысты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy ұлттық компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
АМӨЗ бұл жағдайға қарамастан, жинақталған қор есебінен мұнай өнімдерін жөнелтуді жалғастырып жатыр. Бүгінгі таңда зауыт резервуарларында 26 мың тонна автобензин, 34 мың тонна дизель отыны, 1500 тонна сұйытылған мұнай газы, 6 мың тонна авиакеросин бар. Бұл көлем өнімді жеті күн бойы тұрақты жөнелтіп отыруға жеткілікті.
«АМӨЗ басшылығының айтуынша, электр қуаты тұрақты беріле бастаған сәттен зауыттың технологиялық қондырғылары қалыпты жұмыс режиміне біртіндеп көшті. Апта соңына дейін кәсіпорын мұнай өнімдерін бұрынғы көлемде шығара бастайды деп жоспарланып отыр», - делінген ҚМА хабарламасында.
М.Мырзағалиев зауытты қайта іске қосу жұмыстарымен танысқаннан кейін электр қуатының үзілуіне байланысты өндірісті жартылай немесе толық тоқтатуға мәжбүр болған еншілес ұйымдардың басшыларымен бейне-конференц-байланыс арқылы селекторлық кеңес өткізді.
Атап айтқанда, жиналысқа «KPI inc» полипропилен өндіретін газ-химия зауыты, «ҚазТрансОйл» АҚ, «Магистарльды су ағызғы» ЖШС, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ, «Ембімұнайгаз» АҚ, «Қаражанбасмұнай» АҚ және «Өзенмұнайгаз» АҚ өкілдері қатысты. Олар кәсіпорындардағы қазіргі ахуал жайлы ақпарат беріп, электр қуатының үзілуі салдарын жоюға қатысты нендей шара атқарылып жатқанын баяндады.
Өндіріс орындарының басшылары жиын барысында электр қуатын жеткізудегі іркілістердің жиілеп кеткенін, бұл, өз кезегінде, мұнай өндіру ісінің тиімділігіне және жоспардағы көрсеткіштерге қол жеткізуге кері әсер ететінін атап өтті.
«Бұл оқиғаның қоғамды дүрліктіруінің себебі — Атырау мұнай өңдеу зауыты қала шетінде орналасқан және факелде жанған көмірсутек газын тұрғындар өз көзімен көрді. Ал біздің кен орындарда тек соңғы алты айдың ішінде электр қуаты дәл осылай 11 рет ажыратылды. Жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған ұңғымалардың жалпы саны — 13 мың, алдын ала есеп бойынша 5 млрд теңге көлеміндегі кірістен айрылдық», — деді «Өзенмұнайгаз» АҚ бас директоры Нұрдәулет Қилыбай.
Кеңес барысында соңғы 2,5 жылда ҚМГ мұнай-газ өндіру активтерінің барлығында электр қуатының үзілуінен жалпы 279 мың тонна мұнай өндірілмегені айтылды. Ал қайта іске қосу жұмыстарына жұмсалған шығынды ескере отырып, жоғалтқан шоғырландырылған қаржылық пайда 60 млрд теңгеден асады.
2023 жылы ҚМГ кен орындарында электр қуаты жалпы 153 рет үзілген, бұл 75 мың тонна мұнай көлемінің өндірілімеуіне әкелді.
«Біз электр энергиясын таратудағы ақаулардың жиілеп кеткенін байқап отырмыз. Егер 2017 жылдан 2019 жылға дейін біздің компания дәл осындай себеппен өндірісте 3700 тонна мұнай жоғалтса, 2021 жылдан 2023 жылға дейін бұл көрсеткіш 45 мың тоннаға дейін өсті. Кеше біздің шығын 2,5 мың тонна мұнайды құрады. Қазіргі кезде алдымызға қойылған өндірістік бағдарламаны орындай алмау қаупі туындап отыр», — деп атап өтті «Қаражанбасмұнай» АҚ бас директоры Нұрсейіт Союнов.
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директоры Мұрат Мұстафаев компанияның 2023 жылдың 6 айында электр қуатының үзілуіне байланысты шығындары (1 млрд 267 млн теңге) өткен екі жылдағы шығын көлемінен асып жығылатынын атап өтті. Оның айтуынша, бұл электр желілері инфрақұрылымының тозығы жеткенін айғақтайды.
Жиын соңында М.Мырзағалиев ҚМГ-нің еншілес ұйымдарының басшыларына берілген электр қуатының артуына қарай өндірісті қалыпты жұмыс режиміне біртіндеп шығаруды тапсырды.
«Қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жабдықтарға шамадан тыс салмақ түсірмес үшін қажетті технологиялық регламенттердің сақталуын бақылауға алуларыңызды сұраймын», — деп түйіндеді ол.