АЭС салу қаншалықты қауіпсіз болады – Сәтқалиевтің пікірі
АЭС саларда халықаралық қауіпсіздік талаптары қойылмақ
Күні кеше болған МАЭК ЖЭО апатын назарға алсақ, АЭС салу қаншалықты қауіпсіз болады? Бұл сұраққа Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев жауап берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Министрдің айтуынша, бұл мәселеде МАЭК ЖЭО-дағы апаттың табиғатын ескерген жөн.
«ЖЭО-да қалыптасқан жағдайдың сипатын түсінген жөн. Жағдайды сипаты – кейбір энергия нысандарында 100%-ға дейін жеткен, негізгі жабдықтың тозуына алып келген жүйелі қаржыландырудың жеткіліксіздігі. Яғни апаттың себебі – осы нысандардың техникалық күйі. Оған қоса, жалақының төмендігіне байланысты маман тапшылығы да бар. Бұл нысандарды ауқымды жаңғырту керек», - деді ведомство басшысы Үкімет отырысынан кейін.
Сонымен қатар ол АЭС саларда халықаралық қауіпсіздік талаптары қойылады деп отыр.
«Егер АЭС туралы айтар болсақ, ол жерде эксплуатацияға беру режимі барынша реттелген. Эксплуатация бойынша халықаралық талаптар бар. Ол толықтай көлемде сақталады деп ойлаймын», - деді Алмасадам Сәтқалиев.