«Президенттің де ерекше бақылауында»: Тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі қалай шешіліп жатыр
Елімізде соңғы екі жылда тұрмыстық зомбылықтан 300 адам көз жұмған
2022 жылдың қыркүйегінде Президенті Қазақстан халқына Жолдауында тұрмыстық зорлық-зомбылық жасау фактілері үшін жауапкершілікті қатаңдату жөнінде тапсырма берді. 1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне түзетулер заңды күшіне енді. Жақында өткен Ішкі істер министрлігінің алқа отырысында Президент бұл салаға ерекше назар аудару керегін атап өтті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмысының тиімділігін арттыруға ерекше назар аудару керек. Статистика көңіл көншітпейді. Соңғы екі жарым жылда үйдегі зорлық-зомбылықтың салдарынан 300 адам көз жұмды. Денсаулыққа ауыр зиян келтірудің 878 фактісі және орташа зиян келтірудің 808 фактісі тіркелген. Осындай құқықбұзушылықтар бойынша 37 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл жерде учаскелік инспекторлар шешуші рөл атқарады. Уақтылы шаралар қабылданса, отбасылық және тұрмыстық ұрыс-керіс кезінде жасалған қылмыстардың көпшілігінің алдын алуға болар еді. Яғни, біреудің өмірі мен денсаулығын сақтап қалар едік. Мұны тәжірибе көрсетті. Қоғам сіздерден отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы тиімді әрі жүйелі іс-әрекет күтеді. Бұл мәселе әділетті мемлекет құру үшін өте маңызды», - деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев көптеген әлеуметтік кеселдің түп-тамыры, соның ішінде қылмыс көбіне тұрмысы нашар отбасылардан бастау алатынын тілге тиек етті.
«Мұндай отбасылардағы зорлық-зомбылықтар балалардың сана-сезіміне және психикасына кері әсерін тигізеді. Сондықтан құқық қорғау органдары адамдардың құндылықтар жүйесі мен мінез-құлық моделін өзгертуде шешуші рөл атқара алады және атқаруы қажет», - деді ол.
ҚР ІІМ ӘПК Ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспектор Ақмарал Серікбаева бұл салада қандай бастамалар жүзеге асырылып, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарының мәселесі қалай шешіліп жатқанын атап өтті.
«Еліміздің ата Заңы Конституцияға сәйкес, неке мен отбасы, ана болу, әке болу сондай-ақ балалық шақ мемлекет тарапынан қорғалады. «Неке және отбасы туралы» кодекспен неке-отбасы қатынастарын реттеудің заңнамалық негіздері регламенттелген. Қылмыстық және әкімшілік кодекстерде отбасылық жанжалдар, қол жұмсау және басқа да заңсыз әрекеттер үшін жауапкершілік қарастырылған. Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы Ішкі істер органдары қызметінің басты бағыттарының бірі болып табылады.Бұл қоғамға жат құбылыс ел Президентінің де ерекше бақылауында», - деді ол.
Оның айтуынша, тәжірибе көрсетіп отырғандай, жәбірленушілер өміріне немесе денсаулығына қауіп төнген кезде полицияға жүгінеді, ал полиция қызметкерлері келгеннен кейін агрессорларға өтініш жазудан бас тартады.
«Көбінесе полиция кеткеннен кейін отбасындағы жанжал әрі қарай ушығып, кейде бұл ауыр зардаптарға әкеліп соғады. Осыған байланысты енді, тұрмыстық жанжал туралы хабарлама түскен кезде, оқиға орнында полицейлер болған оқиғаға құқықтық баға береді. Хаттама жасау үшін куәгерлердің, көршілердің айғақтары, бейнебақылау камералары мен полицейлердің өздерінің бейнетіркегіш жазбалары жеткілікті болады. Соңғы шешімді сот қабылдайды. Мысалы, әйел отбасылық жанжал бойынша қоңырау шалды. Полиция келгеннен кейін шиеленіс шешіліп, дебошир өзінің заңсыз әрекетін тоқтата қояды. Өз кезегінде әйел өтініш жазудан бас тартады, бірақ өзіне қатысты құқық бұзушылық жасалғанын түсіндіріп айтады. Оның айғақтарына сүйене отырып, құқық бұзушыға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық істері бойынша іс жүргізуді қамтамасыз ету шаралары қабылданады», - деді Ақмарал Серікбаева.
Олар: барлық айғақтарды қарап тексеру, бөлімшеге жеткізу, әкімшілік ұстау, медициналық куәландыру және тағы басқалар.
«Сотта құқық бұзушының жәбірленушімен татуласу мүмкіндігі бар, бірақ соңғы өзгертулер бойынша тек бір рет қана татуласа алады, яғни отбасылық жанжал жасаған дебошир бірінші рет сотта жәбірленушімен татуласса, бұл әрекеттері келесі қайталанғанда сот оларды татуластыруға, енді заң бойынша құқығы жоқ. Отбасылық жанжал үшін агрессорға ескерту жасалады немесе 5 тәулікке қамауға алынады. Қайта жасалған жағдайда - 10 тәулік қамауға алу. Ұрып – соғу фактісі үшін – 10 тәулік қамауға алу, қайталанса - 20 тәулік. Денсаулыққа жеңіл зиян келтіргені үшін - 15 тәулік қамау, ал қайталанғанда - 25 тәулік. Сонымен қатар, қазіргі уақытта тұрмыстық зорлық-зомбылық жасау фактілері үшін қоғамдық жұмыстарды тағайындау мәселесі пысықталып жатыр. Бұл зардап шеккендерге психологиялық қысымды азайтуға мүмкіндік береді. Жалпы заң күшіне енгелі екі күн ішінде (ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап) полицияға тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы 600-ден астам (637) хабарлама келіп түсті», - деді ол.
Серікбаева атағандай, 200 факт бойынша тұрмыстық жанжал оқиғасы расталмаған.
«Осылайша, егер бұрын өтініштердің 60% нарядқа есептен шығарылған болса, бүгінде бұл 30%. Расталмаған 30% көбінесе көршілердің хабарламалары, сондай-ақ азаматтық-құқықтық қатынастар бойынша. Сонымен қатар 10 азамат жалған шақырту үшін жауапкершілікке тартылғанын атап өту қажет (ӘҚБтК 438-бабы). Полиция азаматтардың жалған өтініштеріне алаңдауға уақыты жоқ. Бұл уақытта басқа азаматтар полицияның көмегіне мұқтаж. 346 азаматқа қатысты әкімшілік іс қозғалды. Құқық бұзушылықтың жолын кесу мақсатында 65 адамға қатысты әкімшілік ұстау қолданылды. Жәбірленушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» Заңның 20-бабына сәйкес 300 қорғау нұсқамасы шығарылды», - деді ол.
Құқықтық құжатпен «дебоширлерге» мынадай тыйымдар салынады:
- тұрмыстық зорлық-зомбылық жасамау;
- жәбірленушінің еркінен тыс, жәбірленушінің өзін, кәмелетке толмаған балаларын және отбасының әрекетке қабілетсіз мүшелерін, әртүрлі тәсілдермен іздестіруге, қудалауға, барып мазалауға, ауызша немесе телефон арқылы келіссөздер жүргізуге және онымен басқа да тәсілдер арқылы байланысқа түсуге болмайды, яғни мұның бәрі жәбірленушінің еркінен тыс.
«Бұл адамдар полицияның профилактикалық есебіне қойылды. Полиция олардың өмір салты мен мінез-құлқын бақылауды күшейтеді. Осы тыйымдар бұзылған жағдайда соңғы өзгертулер бойынша – 10 тәулікке қамауға алу жауапкершілігі көзделген (бұрын -5 тәулік). Сонымен қатар, ол адамның жаңа құқық бұзушылықтар жасауының алдын алу мақсатында, әкімшілік құқық бұзушылықтарды қарау кезінде. Сот дебоширдің мінез-құлқына ерекше талаптар орнатуға құқылы. Ол 3 айдан бір жылға дейінгі мерзімге орнатылады», - деді Ақмарал Серікбаева.
Ерекше талаппен қосымша тағы мынадай тыйымдар салынады:
- атыс қаруын және басқа да қаруды сатып алу, сақтау, алып жүру және пайдалануға болмайды;
- алкогольдік ішімдіктерді, есірткі құралдарын, психотроптық заттарды тұтынуға болмайды.
«Сот белгілеген мінез-құлыққа қойылатын ерекше талапты бұзғаны үшін жаңа нормалармен қамауға алу мерзімі де ұзартылды. Қазір ол 10 тәулік. Ерекше талапты қайталап бұзса - 20 тәулік қамауға алынады. Сонымен қатар, полиция жұмысының сервистік моделін енгізу аясында сапа критерийлері әзірленді.
Полиция қызметкерлері қолданыстағы заңнама шеңберінде әрекет етуі керек.
Құқық бұзушылық фактісін дәлелдеген кезде куәгерлер мен куәлардан жауап алынады. Көбінесе жанжалдар жабық есіктердің артында болатынын ескерсек. Полиция қызметкерлері барлық бейнетіркегіштерге тіркелетін болады.
Бұл ретте бейнетіркегіштің жазбасы сотта құқық бұзушылық жасау фактісінің дәлелі болады. Бізге полиция қызметкерлерінің дөрекі қарым-қатынас фактілеріне азаматтардың шағымдары келіп түседі. Мұндай фактілердің жолын кесу мақсатында полицейлердің стандарттары бекітілді», - деді ол.
Оның айтуынша, азаматтармен, әсіресе балалармен, әйелдермен, мүгедектермен және қарт адамдармен қарым-қатынас кезінде сыпайылық пен әдептілік танытуы керек, олардың өтініштерін қарауда объективті болуы керек, қажетті көмек, оның ішінде алғашқы медициналық көмек көрсетуі керек.
«Integreti chek» деп аталатын полицейлердің адалдығына тексерулер жүргізілуде. Біз интернет-ресурстар, әлеуметтік месенджерлер, БАҚ арқылы кең көлемде құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Тұрғындардың тағдыры, азаматтардың өтініші бойынша полиция қызметкерлерінің уақтылы келуіне байланысты. Сондықтан полицейлерге тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері бойынша мүмкіндігінше қысқа мерзімде келу міндеті қойылды», - деп түйіндеді Ақмарал Серікбаева.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 1 сәуірдегі № 853 Жарлығымен «Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 6 желтоқсандағы № 384 Жарлығына өзгерістен енгізілді. Өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды жедел анықтауға және оларға көмек көрсетуге мүмкіндік беретін отбасының цифрлық картасы әзірленеді және енгізіледі.Гендерлік аспектіні ескере отырып, жалғыз басты ата-аналардың қашықтағы жұмыс форматына және жұмыспен қамтудың қысқартылған режиміне құқығын айқындауды көздейтін еңбек заңнамасын жетілдіру жоспарланып отыр.Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспары нысаналы индикаторлары мен тұжырымдаманың стратегияларын қамтиды.