Шымкентте ер адамды азаптап өлтірді деп айыпталған полицейлерге сот үкімі шықты

Azattyq Rýhy

Аталған оқиғаға қатысы бар бірнеше полиция қызметкері сотталды

Шымкентте ер адамды азаптап өлтірді деп айыпталған полицейлерге сот үкімі шықты

Шымкентте тергеу барысында ер адамды азаптап, оның өліміне себепкер болған бірнеше полиция қызметкері сотталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Оtyrar.kz жазуынша, екі экс-басшы, біреуі бұрынғы бөлім бастығы және біреуі Шымкент қалалық полиция департаменті криминалдық полициясының бұрынғы қызметкері кісі өліміне қатысы бар деп айыпталған. Оларға «Абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соққан бір топ тұлғаның азаптау әрекеті» және «Пайда табу мақсатында күш қолданып, билігін асыра пайдалану» баптары бойынша қылмыстық іс қозғалды.

«Сот үкімімен сотталушы Шымкент қалалық ПД Қылмыстық іздестіру басқармасының экс-басшысы кінәлі деп танылып, оған құқық қорғау органдарында үш жылға мерзімге қызмет атқару құқығынан айыра отырып, жеті жыл алты айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, сонымен қатар полиция полковнигі атағынан айырылды. Шымкент қалалық ПД Криминалдық полиция басқармасының экс-басшысы құқық қорғау органдарында үш жыл мерзімге қызмет атқару құқығынан, сондай-ақ полиция полковнигі атағынан, сонымен қатар жеті жылға бас бостандығынан айырылды», - деді Шымкент қалалық мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Светлана Шыналиева.

Қаратау аудандық полиция бөлімінің бұрынғы басшысы 3,5 жылға бас бостандығынан айырылды, оған үш жылға құқық қорғау органдарында жұмыс істеуге тыйым салынды және подполковник шенінен айырылды.

Шымкент қалалық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бұрынғы қызметкері екі жылға бас бостандығынан айырылды.

Еске салайық, 2021 жылдың желтоқсанында Шымкентте тәртіп сақшылары көлік ұрлады деген күдікпен 31 жастағы Нұрболат Жұмабаев пен Сергей Петровты ұстаған.

Тергеу кезінде Жұмабаевтың жағдайы нашарлап кеткен, оқиға орнына жеткен жедел жәрдем бригадасы оның қайтыс болғанын хабарлады. Кейін Петров өздерін полицейлердің ұрып-соғып, 12 сағат бойы жауап алғанын мәлімдеді. Кабинетте бейнебақылау камералары болмағаны, тек дәлізде ғана орнатылғаны анықталды.

Ер адамның өлімі фактісі бойынша істі қалалық прокуратура мен ҚДР тергеген.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.