$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
30.06.2023, 08:40
Қоғам

Елімізде алаяқтар екі айда 130 млн теңгеден астам шығын келтірген

Алаяқтарға алданып қалған зейнеткерлердің саны күрт өсті

Елімізде алаяқтар екі айда 130 млн теңгеден астам шығын келтірген

Қарағанды облысының полицейлері зейнеткерлерді сан соқтырған жалдамалы «курьерді» ұстады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Қарағандыда полиция қызметкерлерімен еріктілер «Абайлаңыз – алаяқтар» атты алдын алу іс-шарасын өткізді. Олар қала тұрғындарымен сөйлесіп, алаяқтық қылмыстарының түрлерін айтып, олардың құрығына түсіп қалмау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Алдын алу іс-шарасы қаланың адам көп жиналатын жері Кеншілер мәдениет сарайының алдында өтті.

«Мамыр-маусым ішінде полицияға алаяқтарға алданып қалған зейнеткерлердің арыз-шағымы күрт өсті. Күдіктілер егде жастағы адамдарға хабарласып, туысқандары жол-көлік оқиғасын жасады, оларды жауапкершіліктен құтқару үшін ақша төлеуді талап еткен. Мұндай әрекет арқылы жәбірленушілерге 130 миллионнан астам шығын келген. Қылмыстық істің негізінде еліміздің алты қаласынан 30-дан астам адам ұсталып, оның 6 қамауға алынды. Алаяқтардың көмекшілерінің арасында «Яндекс такси» жүргізушілері, тамақ жеткізушілер, жоғары оқу орындарының студенттері, кәмелеттік жасқа толмағандар және басқа да азаматтар бар. Қазіргі уақытта барлық фактілер бойынша тиісті тергеу әрекеттері жүргізілуде», – деді Қарағанды облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Әбіл Әбілдин.

Мәселен, 22 маусым күні Қарағанды қалалық полиция басқармасына қарасты Оңтүстік-Шығыс полиция бөліміне 79 жастағы зейнеткерден арыз түсті. Зейнеткер полиция қызметкерлеріне алаяқтың құрбаны болғандығы туралы айтқан.

Белгілі болғандай, жәбірленушіге белгісіз біреу хабарласып, өзін полиция қызметкерімін деп таныстырған. Телефон соққан белгісіз азамат оның қызы арты қайғылы жағдаймен аяқталған жол-көлік оқиғасына кінәлі болды деген. Сондықтан қылмыстық жауапкершіліктен құтылу үшін 15 мың АҚШ долларын беруді талап еткен. Зейнеткер ондай ақшасының жоқ екенін, алайда қолында 9400 АҚШ долларының бар екенін айтқан. Сол кезде жалған полицей зейнеткерге далаға шығып, ақшаны курьерге беруін айтқан. Зейнеткер далаға шығып, қолындағы 9400 АҚШ долларын белгісіз бір курьерге берген. Кейін қызына хабарласқанда ешқандай жол-көлік оқиғасы болмағанын білген.

Криминалдық полиция қызметкерлерімен жүргізілген кешенді жедел-іздестіру іс-шаралары барысында осы іске қатысы бар деген күдікпен 20 жастағы азамат ұсталды. Ол мойындау көрсетпе белгілерін берді. Күдіктінің айтуы бойынша, ол әлеуметтік желі арқылы жұмыс ұсынушымен танысқан. Ұсталған азаматтың міндеті зейнеткердің мекенжайына барып, ақшаны алып кету болған. Тапсырманы орындаған соң ол өзіне 400 АҚШ долларын алғаны белгілі болды. Ал қалған ақшаны желі арқылы жұмыс берушіге жіберген.

Сондай-ақ күдіктінің осыған ұқсас тағы да екі қылмысқа қатысы бары анықталды. Бірінші жағдайда шығын көлемі 8,4 млн теңге болса, екінші жағдайда 4 миллион теңгені құраған. Барлық жәбірленушілер – зейнеткерлер. Барлық деректер бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды.

«Жастар мен еріктілердің атынан өңірімізде белең алған алаяқтық фактілерінен сақ болуға шақырамын. «Қазіргі уақытта туысқандарыңыз полицияға түсті, оны босату үшін қомақты қаржы беруді талап етеді» деген хабарлама көп. Олар ақшаны алып кету үшін, жоғары оқу орнының студенттерін, оқушыларды жалдауы мүмкін. Сондықтанда қала тұрғындарынан алаяқтардың арандатушылығына бармай, сақ болуларын сұраймыз», – деді киберерікті Алексей Васильков.

Серіктес жаңалықтары