Азаптау бойынша күштік органдардың 17 қызметкері сотталды – Бас прокуратура
35 іс сотқа жолданған
Бас прокурор Берік Асыловтың төрағалығымен 2023 жылдың бірінші жартыжылдығындағы жұмыс қорытындысы бойынша Бас прокуратура алқасының кеңейтілген отырысы өтті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Бас прокурор азаптаумен және басқа да қатыгездікпен күресуге баса назар аудара отырып, алдын алудан бастап жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз етуге дейінгі кешенді тәсілдің қажеттілігін атап өтті.
«Жалпы, азаптау фактілері бойынша күштік органдардың 35 қызметкеріне қатысты істер сотқа жіберілді. 17 адам сотталды», - деп атап өтті мамандары.
Әлеуметтік-экономикалық салада бюджет қаражатын жұмсаудың заңдылығы, автожолдардың жай-күйі, ЖЭО жұмысы, жерді нысаналы пайдалану, қала құрылысы, азаматтардың осал санаттарын, оның ішінде балаларды, мүгедектігі бар адамдарды қорғау және т.б. мәселелер бойынша бірқатар тексеру жүргізілді.
«Қадағалау және ден қою актілері бойынша мемлекетке 10 млрд теңге өтелді, 37 млрд теңге сомасына мүлік, 400 мың гектар жер қайтарылды.
Түрлі жауапкершілікке 11 мың адам, оның ішінде әкімдіктер мен мемлекеттік органдардың қызметкерлері тартылды.
Сотқа дейінгі 116 тергеп-тексеру басталды, 65 адам сотталды», - делінген хабарламада.
Прокурорлардың қатысуымен бірқатар еңбек даулары шешімін тапты, оның ішінде Маңғыстау облысының «БерАли» ЖШС-гі ұжымын жұмыс орындарымен қамтамасыз ету мәселесі де бар.
Сондай-ақ 23 мың кәмелетке толмағандардың конституциялық құқықтары қорғалды.
Алматы және Түркістан облыстарында 18 млн теңге сомасына мүгедектігі бар адамдарға салықтар мен мемлекеттік баждарды негізсіз салудың 4 мыңнан астам фактісі анықталды.
Тұрғын үйге кезекке 22 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар қойылды.
Өз кезегінде Бас Прокурор халықты толғандыратын мәселелерді шешуде алдын алу шараларын қабылдаудың маңыздылығын атап өтті. Олардың қатарында еңбек жанжалдары, тығыз салынған құрылыс, жерді ұтымды пайдалану, жайылым тапшылығы, сумен жабдықтау, коммуналдық мәселелер және т.б. бар.
Сонымен қатар, қадағалау қызметінің тиімділігін арттыру үшін прокурорлар жобалық басқару құралдарын қолдануға бағдарланған.
«Бизнесті қорғау бойынша жұмыс барысында мобильді топтармен кәсіпкерлердің құқықтарын бұзу туралы 1300-ден астам сигнал өңделді, әрбір бесінші факт расталды», - делінген хабарламада.
Бас прокуратураның бастамасы бойынша 5 министрліктің 9 бұйрығы жойылды, олар 2 мыңға жуық кәсіпкерді заңсыз тексеруді көздеген.