Депутат бүтін бір ауылдың жері бір ғана отбасының меншігіне өтіп кеткенін айтты
«Жер аманаты» республикалық комиссиясы оның 6 500 га жерін мемлекеттік меншікке қайтарған
Мәжілістің жалпы отырысында депутат Бақытжан Базарбек жайылымдық жер туралы мәселені көтеріп, заң жобасы бойынша ұсыныс айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Депутат Бақытжан Базарбай заң жобасына енгізілгелі отырған өзгерістерді атап өтті.
«Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында Асысаға деген ауыл бар. Асысаға ауылында 11 мың га жайылымды жер бар еді. 2013-2015 жылдар аралығында Болат Назарбаевтың қойған әкімінің заңсыз қаулысы салдарынан 11 мың га-ның 9 мың га жайылымды жері бір жанұя мүшелерінің жекеменшігіне өтіп кеткен. Яғни, әкесі – 2 300 га, үлкен ұлы – 1 370 га, ортаншы ұлы – 1 340, ортаншы қызы – 1 260 га, кіші қызы – 1 760 га және оның күйеуі 1 670 га жерді иеленіп алған. Осылайша, бүтін бір ауылдың жері бір ғана отбасы мүшелерінің жекеменшік және жер пайдалану құқығына өтіп кеткен», - деді депутат.
Базарбай «Жер аманаты» республикалық комиссиясы оның 6 500 га жерін мемлекеттік меншік иесіне қайтарғанын айтты.
«Бұл мысалды неге айтып отырмын? Жайылымды жерлердің мәселесі Қазақстанның түкпір-түкпірінде өте өзекті болып тұр. Біз «қоғамдық жайылым» деген ұғымды енгізіп отырмыз. «Қоғамдық жайылым» деген ұғыммен қоса, енді жемқорлыққа белшесінен батқан әкімдер қоғамдық жайылымды жерлерді ығай-сығайларға беруге құқығы жоқ. Себебі ол базаға қоғамдық жайылымдық жерлер ретінде енгізіледі», - деді мәжілісмен.
Оның айтуынша, нақты бір елдімекенде 5 жыл тұрған азамат енді қосымша ұпайға ие болады.
«Жайылымды жерлерді егістік жерлерге айналдыруға болмайды. Сондай-ақ енді әкімдер жайылымды жерлерді резервке қоюға міндеттеледі. Жайылымды жерлерді кооперативтерге береміз және кооперативтерді қолдаймыз», - деп айтты Бақытжан Базарбай Мәжілісте.
Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жайылымдарды пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы қабылданды.