$ 510.06  566.32  6.32
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Баспасөз картасы журналистерге әлеуметтік қолдау көрсетуге бағытталуы тиіс – Елнұр Бейсенбаев

Депутат олай болмайтын жағдайда баспасөз картасы керек емес екенін айтты

Баспасөз картасы журналистерге әлеуметтік қолдау көрсетуге бағытталуы тиіс – Елнұр Бейсенбаев

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев Мәжілісте өткен дөңгелек үстел барысында «Масс-медиа туралы» заңға қатысты пікірін айтып, министрлікке бірқатар ұсыныс жасады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Заңнама аясында журналистерге арнайы тұрғын үй бағдарламасында кезекке тұру, оларға арнайы санат беруді тұрғын үй жайлы заңнамаға категория ретінде енгізе алмаймыз. Шындықтың бетін ашып айту қажет. Қазір Парламенттің мінберіне кіргеннен кейін журналистер депутаттардан әлеуметтік көп нәрсе күтпеуі керек. Сол себепті менің министрлікке 4-5 ұсынысым бар», - деді ол.

Елнұр Бейсенбаев министрлік, ең алдымен, «Отбасы банк» және екінші деңгейлі банктермен тікелей келіссөздер жүргізу керегін айтты.

«Себебі журналистерді санат ретінде енгізген бағдарлама «Алматы жастары» ғана болатын. Оны 2019 жылы пысықтаған болатынбыз. Біз бір күнде журналистерді категорияға енгізе алмаймыз. Қазірдің өзінде 650 мыңнан астам азамат кезекте тұр. Жыл сайын кезекке тұратын азаматтар саны 40-50 мыңға өсіп отырады. Ал жыл сайын әлеуметтік берілетін пәтер саны 10 мыңға жетер жетпес. Бұл заң аясында аталған мәселе шешілмейді», - деді ол.

Сондай-ақ, Бейсенбаев баспасөз картасы журналистерді екіге бөлетін қаупі бар екенін айтты.

«Баспасөз картасын иемденетін журналистер мен оны ала алмайтын журналистер болады. Баспасөз картасы журналистердің құқығын қорғауға бағытталған дейсіз. Олардың құқығын қорғайтын Конституция мен «Масс-медиа» заңы бар. Баспасөз картасы олардың әлеуметтік қолдау көрсетілуі керек. Олай болмаса, баспасөз картасы да керек емес деп ойлаймын. Заң жобасының аудармасы да сын көтермейді. Бұл заңнаманың қазақша нұсқасын дұрыстауымыз керек. Заңның аудармасы жұмыс тобының мойнында қалмауы керек», - деді ол.

Еске салсақ, әлеуметтік-мәдени даму комитетінің «Масс-медиа туралы» Қазақстан Республикасы Заң жобасының призмасы арқылы медиа саласының даму тенденциялары туралы» тақырыбындағы дөңгелек үстелі өтті.

Серіктес жаңалықтары