Ерлан Қарин: Президент жаңа идеологиялық стратегияны іске асырудың нақты қадамдарын ұсынды
Мемлекеттік кеңесші бұл арада негізгі бірнеше бағытты атап өткен
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин телеграм каналында осындай пікір қалдырды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде қоғамның рухани дамуының перспективалары мен тұжырымдамалық бағдарын ғана айқындап берген жоқ. Сонымен қатар, еліміздің жаңа идеологиялық стратегиясын іске асырудың нақты қадамдарын ұсынды», дейді Ерлан Қарин.
Мемлекеттік кеңесші бұл арада негізгі бірнеше бағытты атап өтеді.
«Біріншіден, Мемлекет басшысы ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруды, ұлттық құндылықтарды одан әрі дамытуды, халқымыздың бірегейлігін нығайтуды идеологиялық жұмыстың басты басымдықтары ретінде айқындап берді. Екіншіден, Қасым-Жомарт Тоқаев Президент қызметіне кіріскен сәттен бастап Тәуелсіздік мұраттары және патриотизм, еңбек пен білім культі, құқық пен тәртіп, адамгершілік пен жауапкершілік секілді құндылықтарды мақсатты түрде алға тартып келеді. Енді Президент бұл құндылықтарды «Әділетті Қазақстан – Берекелі қоғам – Адал азамат» атты бірыңғай тұжырымдамаға біріктіріп отыр», деді Мемлекеттік кеңесші.
Сондай-ақ ол қоғамның жаңа әдебін қалыптастыру бағытындағы жұмыстардың ауқымы кең екенін атап өтті. Оны жүзеге асыруға мемлекет те, тұтас қоғам да, еліміздің әрбір азаматы да жауапкершілікпен қарауы қажет деп есептейді.
«Үшіншіден, Мемлекет басшысы білім, ғылым, мәдениет салалары бойынша нақты жобалар ұсынды. Ал бұл – еліміздің идеологиялық бағытын дамытудың нақты бағдарламасы. Сонымен қатар, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру жөніндегі бастамаларды тез арада іске асыру мүмкін емес. Осылайша, Президент ел дамуының ұзақ мерзімді күн тәртібін белгілеп берді. Төртіншіден, аталған бастаманың жұртшылыққа ұсынылған уақытын да ерекше атап өткен жөн. Біз қазір саяси реформалардың басым бөлігін жүзеге асыруды аяқтап, экономикада үлкен өзгерістерді бастайтын сәтте тұрмыз. Сондықтан, Президенттің қоғамдық құндылықтарды нығайту туралы бастамасы дер кезінде көтеріліп отыр», деді Ерлан Қарин.
Сөз соңында ол саясат, экономика, идеологияны қамтыған Президент реформаларының үш бағыттағы үйлесімділігін айтып, түйіндеді.