Павлодар облысында бүтін бір ауыл өзен суын ішіп отыр
Ал аудан әкімі ауыз су мәселесін шешу қолдан келмейтінін айтады
Павлодар облысында бүтін бір ауыл өзен суын ішіп отыр. Өйткені, елдімекенде тіршілік нәрін алатын басқа жер жоқ. Ескі құдық тартылып қалған. Ал өздері құдық қазып алайын десе, жақыннан су шықпайды. Тұрғындар әкімдік табалдырығын тоздырғанмен, нәтиже шықпапты. Себебі, халық саны 50 адамнан төмен болғандықтан, су тартылмайтынын айтқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Астана арнасына сілтеме жасап.
Май ауданына қарасты Жаңатілек ауылында 40-тай ғана тұрғын бар. Көпшілігі су болмағандықтан, көшіп кетіпті. Қазір бар жоғы 9 үй қалған. Ауыл тұрғындарының айтуынша, бұрын суды құдықтан алған. Бірақ, соңғы 30 жылда құдық суы тартылып қалыпты. Ал өздері қазып алайын десе, жақыннан су шықпайды.
Ал аудан әкімі ауыз су мәселесін шешу қолдан келмейтінін айтады. Өйткені, халық саны аз болғандықтан, су құбырын тартуға қазынадан қаражат қарастырылмаған.
«Депутаттар оның ішінде мәслихаттың төрағасы осы мәселе бойынша әңгімелескенбіз. Бір барып, ауылдың қалталы азаматтарын жинайық, басын қосайық. 5-6 қалталы азаматтар бар. Соларды сұрайық. Қазақта жақсы мақал бар ғой. Көп түкірсе көл болады деген сияқты. Иә, ол мәселе бар. Сол жерден ұңғыма қазып берсе дұрыс болар еді»,- деді Май ауданының әкімі Ағыбай Әмірин.
Өңірде таза ауыз сумен қамту көрсеткіші 95 процентке жеткен. Алайда, 54 елдімекен әлі күнге дейін тіршілік нәріне жарымай отыр.
«Ауылдық елдімекендерге 15 млрд-тай қаражат қарастырылған. Ол 27 жоба бойынша. Биылғы таңда біздің жоспар бойынша 27 жобаны іске асырамыз. Соны асырғаннан кейін біздің сумен қамтамасыз ету деңгейі 98-ге дейін жететін болады», - деді облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Ержан Салханов.
Алайда, тұрғындар мен шенділердің бұл есебі сәйкес келмейді. Таза ауыз сумен қамту көрсеткіші 100 процентке жақындаса да, жұрт әлі өзен суын тұтынуға мәжбүр.