Алматы облысында LRT салынады
Оның жалпы ұзындығы шамамен 146 шақырымды құрайды
Биыл 15 маусымда Алматы облысының әкімдігі мен «ТАШЯПЫ» Түрік компаниясы арасында Алматы облысының аумағында жеңіл рельсті көлік салу жөніндегі меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі хабьарлағандай, түрік компаниясы жобаның инвесторы ретінде қарастырылмақ. Жаңа ЛРТ Алматы мен Алматы облысының жол-көлік жүйесі мәселелерін шешуге арналған.
Жоба Алматы облысы бойынша Талғар, Еңбекшіқазақ, Іле, Қарасай және Жамбыл аудандарын қамтиды. Жалпы ұзындығы шамамен 146 шақырымды құрайды. Түрік компаниясы 1-кезеңде Алматы облысындағы жеңіл рельсті көлік желілерін дамытудың үш бағытын қарастыруды ұсынады.
Қазіргі уақытта келесі бағыттар қарастырылады:
- Алматы қ. – Талғар қ. - Есік қ., учаске ұзындығы шамамен 42 шақырым;
- Алматы қ. - Қаскелең қ. - Ұзынағаш қ., учаске ұзындығы шамамен 37 шақырым;
- Алматы қаласы-Қонаев қаласы, учаске ұзындығы шамамен 67 шақырым.
«Қазіргі уақытта Уәкілетті басқармалар және аудан әкімдіктері трассаны, яғни Алматы қаласының шекарасынан аудан және Алматы облысы орталығына дейінгі көлік дәлізін анықтау бойынша жұмысты бастады. Бұрын түсіндірілгендей, ТЭН және мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы аяқталғаннан кейін ҚМЖ қажеттілігінің сомасы айқындалатын болады», - делінген хабарламада.
Елордадағы ЛРТ-ның жағдайы қайталанбауы үшін қазіргі уақытта компания ынтымақтастық тетігі бойынша ұсыныс дайындауда.
«Алдын ала жоба Мемлекеттік Жекеменшік Әріптестік шеңберінде іске асырылатын болады, яғни жеке инвестициялау нұсқалары қарастырылады. Әрине, әзірленген ТЭН мен ЖСҚ егжей тегжейлі мемлекеттік сараптамадан өтеді. Бұдан басқа, ТЭН әзірлеу кезінде әрбір ауданда қоғамдық тыңдау ұйымдастырылады, онда аудан тұрғындары мен сарапшылардың пікірлері ескерілетін болады», - делінген хабарламада.