$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

8 мың кітапхана қызметкерлерінің жалақысы өспей отыр – Мәжіліс депутаты

Олар үшін қосымша ставка тек 30 сынып жиналса енгізіледі

8 мың кітапхана қызметкерлерінің жалақысы өспей отыр – Мәжіліс депутаты
Фото ашық дереккөзден

Мәжіліс депутаты Еркін Әбіл кітапханашылардың мәселесін көтерді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Депутаттық сауалға жалпы еліміздің білім саласына бағынысты кітапхана қызметкерлерінің, оның ішінде Қостанай облысының мектеп кітапханашыларының ұжымдық үндеуі себеп болды. Баршамызға белгілі, AMANAT партиясының электоралды уәделерінің негізінде кітапхана қызметкерлерінің айлық жалақысын арттыру қарастырылған. Алайда, бүгінде бұл шешім тек мәдениет саласына қарасты 4 мыңнан астам кітапханашыларды ғана қамтып, қалған 8 мың педагогикалық салаға жататан кітапхана қызметкерлеріне таралмай отыр», - деді ол.

Депутаттың айтуынша, Мәдениет саласының кітапханашылары негізгі құрамға жатады және еңбекақыны А (меңгерушілер) және В (қатардағы кітапханашылар) төлем топтары бойынша алып, оларға санаты үшін қосымша ақы төленеді.

«Зияткерлік мектептеріндегі кітапханашылар педагог-кітапханашы ретінде аттестациядан өткен. Ал орта білім ұйымдарының кітапханашылары 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап біліктілік санаты үшін қосымша төлемнен айрылып, мектеп кітапханаларының меңгерушілері көмекші персоналға жатқызылып, С1 шаруашылық бөлімше меңгерушісі еңбек ақы тобына енгізілген. Қазақстан Республикасында 8 мыңға жуық мектеп кітапханашысы жұмыс істейді, олардың 30 пайызы шағын жинақталған мектептерде толық емес ставкада, олар 3,5 миллион мектеп оқушысы мен жарты миллион мұғалімге қызмет көрсетеді», - деді ол.

Еркін Әбілдің айтуынша, ең жоғары есеппен алғанда 136 мың теңгеден, барлық шегерімдерден кейін, кітапхана меңгерушісі 96 мың теңге қолына айлық алады.

«Жалпы білім беретін мектептердің штаттарына сәйкес 21 сынып жинақталса, директордың орынбасарлары, психолог, медбике, бухгалтердің 1,5 ставкасы енгізілген. Бірақ бұл норма мектеп кітапханашысына қолданылмайды, олар үшін қосымша ставка тек 30 сынып жиналса енгізіледі. Бұл бүгінде жұмысының жүктемесі жоғары кітапхана қызметкерлері үшін саладағы кадрлардың тапшылығы мен тұрақтамауына алып келуде», - деді ол.

Серіктес жаңалықтары