«Депутат болғалы қиын болды»: Мұқаев фейк парақшалармен күресіп жатқанын айтты
Оның Instagram желісінде 100-ден астам фейк парақшасы бар екен
Депутат Дәулет Мұқаев Мәжілістің жалпы отырысында фейк парақшалармен күресу мәселесін көтерді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Мен онлайн-платформаны белсенді түрде пайдаланамын. Соның ішінде Instagram аккаунтымда «Дәулеттен», «Дәулет Мұқаев» деген аттармен 3 млн-ға жуық оқырман бар. Бірақ осының артында фейк аккаунттар жатыр. Мен олармен әлі де күресіп келемін. «Дәулеттен ұтыс, «Дәулеттен пәтер», «Дәулеттен несие» деген аккаунттармен 100-ден астам фейк парақшам бар, сенесіздер ме? Теріс жағы маған да тиіп жатыр. «Бұл мені алдап кетті» дейді. Депутат болғалы қиын болды. «Біз заң шығарып жатырмыз. Елдің несиесін жауып береміз. Көпбалалы отбасылардың жағдайын жасаймыз. Нөмір қалдырыңыз» дейді. Ел оған сеніп WhatsApp нөмірін жазады. Алаяқтар жеке-жеке олармен сөйлесіп, «1 млн теңге ұтып алдыңыз, комиссиясын төлеңіз» деп 10-12 мың теңге сұрайды. Осылай халықты алдап, блокқа тығып жатыр», - дейді ол.
Депутат мұнымен заң бойынша күресіп жатқанын айтты.
«Полицияға арыз жазған едім. Бірақ, бұл алаяқтар фейк парақшалардың атын үнемі өзгертіп отырады. Сәйкесінше, сілтемелер жоқ болып отырады. Бұл мәселені қалай шешуге болады?», - деп депутат Ақпарат және қоғамдық даму министріне сұрақ қойды.
Министр Дархан Қыдырәлі қазір онлайн платформалардың модераторына жазып, өшіре алатынын айтты.
«Бірақ олар кейде жауапты кеш немесе мүлдем бермеуі мүмкін. Заң бойынша да оларды табу қиын. Сондықтан өкілдік ашу мәселесі маңызды болып отыр. Біз олардың тетіктерін жетілдіру бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Қазір онлайн-платформалардың өкілдерімен жұмыс істеп жатырмыз. Осындай заңсыздықтар мен алаяқтықтың жолын кесеміз деп ойлаймын», - деді Дархан Қыдырәлі.