Алматыда алғаш рет жүректің өткізгіш жүйесін стимуляциялау операциясы жасалды
Операция кезінде тәуекелдер аз, өйткені жоғары технологиялық жабдық қолданылады
Алматыдағы Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында алғаш рет жүректің өткізгіш жүйесіне имплант қойылды. Ынталандырушы электрод жүрек ырғағының физиологиялық деңгейде болуын қамтамасыз етеді. Бірегей операция бес науқасқа жасалды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.
Дәрігерлердің сөзінше, жүректің өткізгіш жүйесіне ынталандырушы электродтарды имплантациялау пациентке жүрек жеткіліксіздігінің дамуын болдырмауға мүмкіндік береді. Операция кезінде тәуекелдер аз, өйткені жоғары технологиялық жабдық қолданылады. Әр пациент үшін шығын материалдарының үлкен спектрі жеке таңдалады.
«Өткізгіш жүйе бойынша ынталандыру қарыншааралық диссинхрония мәселелерін шешуге, жүректің екі қарыншасын да дәлірек және синхронды түрде белсендіруге көмектеседі. Бұл пациенттердің өмір сүру сапасын жақсартады. Бұл әдіс әдеттегі оң қарыншалық ынталандыруға қарағанда әлдеқайда тиімдірек», - дейді Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты жүрек ырғағы мен өткізгіштігінің бұзылуы бөлімшесінің меңгерушісі Бағдат Ахыт.
Бірегей операция аритмология саласы бойынша халықаралық деңгейде мойындалған маман Польша медициналық университетінің профессоры Яцек Гаектің қатысуымен өтті. Ел аймақтарынан келген мамандар білікті дәрігердің дәрісін тыңдап, тәжірибесін көбен көрді.
«Мен Қазақстанға операцияға шақырту алғаныма өте ризамын. Бұл – менің екінші сапарым. Бұл әдіс жүрек жеткіліксіздігі бар науқастар үшін өте тиімді. Араласудан кейін пациент қосымша дәрі-дәрмек терапиясын қажет ететін ілеспе патология болмаған жағдайда келесі күні ауруханадан шығарыла берсе болады», - дейді профессор.
Ынталандырушы электрод импланты 10-12 жыл қызмет етеді. Уақыт келгенде қайта ауыстыруға болады.
Кардиология және ішкі аурулар ғылыми зерттеу институтының басқарма төрағасы Марат Пашимовтың сөзінше, дәрігерлер жақын және алыс шет елдердегі түрлі шеберлік сабақтарына жиі қатысады.
«Біз жаңа технологияларды енгізу арқылы заманауи медициналық үрдістер мен стандарттарды ұстануға тырысамыз. Мамандарымызды жақын және алыс шетелдердегі түрлі шеберлік сабақтарына жіберіп тұрамыз. Үздік дәрігерлеріміз өз әріптестерін біздің институтта және өңірлерге барып оқытады. Демонстрациялық операцияларын жүргізумен тәжірибе алмасу мамандарға кәсіби қызметте қажетті білімдері мен дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік береді», - дейді Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ басқарма төрағасы Марат Пашимов.
Айта кетейік, жүректің өткізгіш жүйесіне ынталандырушы электродтарды имплантациялау операциясы міндетті медициналық сақтандыру бойынша науқастарға тегін жасалады.