$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
16.03.2020, 14:38
Қоғам

Коронавирустан қорыққан халық дем салғызу үшін имамдарға ағылып жатыр

Мешітте арнайы дұға жазылған парақтар таратылған

Коронавирустан қорыққан халық дем салғызу үшін имамдарға ағылып жатыр

Қауіпті вирустан қорыққан алматылықтар жаппай имамдарға ағылып жатыр. Олар «Құран сүрелерін оқып, дем салғызса, әлемге жайлаған дерт жұқпайды» деген сеніммен келеді. Ал мешіт қызметкерлері жамағат азайса да, сақтану мақсатында шипа дұғаларын оқыту үшін келетін адамдар күрт көбейгенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«Имамдар сақтық шараларын түсіндіріп жатыр. Соңында принтерден шығарып қойған мынандай дұға жазылған қағаздарды өзімізбен бірге әкетіп, оқып жүруге кеңес берді. Сенімге де байланысты. Сеніммен оқыған соң, «маған ауру жұқпайды» деп сенесің де, шапқылап жүре бересің», - дейді көк қағаздағы дұғаның бірін жанынан тастамай оқып жүрген жазушы Жәди Шәкен.

«Вирустан, аурудан, бәледен сақтайтын дұға» деп көрсетілген жарты беттік көк қағазда Құран сүресінің арабша, кирилше оқылуы мен қазақша мағынасы қоса жазылған. Алматыдағы Орталық мешіттің наиб имамы исламда аурудан қорғайтын және кеселден жазатын сүре мен дұғалардың көп екенін айтады.

«Шипа дұғалары, шипа аяттары өте көп. Соның ішінде мына дұға да ерекше қасиетті дұға болып есептеледі. Қағазға шығарып қойғанбыз, таратып жатырмыз. Сұрағандарға беріп жатырмыз. Ауруды жолатпайтын, қорғайтын, яғни брондалған аят-дұғалар.  Құран Кәрімде және Пайғамбарымыздың хадистерінде түрлі дертке қарсы оқылатын көптеген дұғалар бар. Алдын ала келетін дерттен сақтану және бойындағы аурудан сауығу үшін Алла елшісі күнде түннің кезінде, ұйқыға жатардан бұрын Ықылас, Фалақ және Нас сүрелерін оқып, өзіне дем салған, яғни Құран оқып, алақанына үрлеген, сосын онымен бетін және денесінің қолы жеткен жерін сүрткен», - деп түсіндірді Алматыдағы орталық мешіттің наиб имамы Ермек Көкірекбаев.

Мешіт қызметкерлерінің сөзінше, тек дұғамен шектелуге болмайды. Тазалықты сақтай отырып, ауру тараған жерден алшақ жүру керек.

«Бұл туралы Хақ Тағала Құрандағы «Бақара» сүресінің 155-аятында «Шүбәсіз, Біз сендерді қорқынышпен, аштықпен және мал-мүліктеріңді, жақындарыңды әрі өнімдеріңді (табыстарыңды) кеміту арқылы сынаймыз», - деп ескерткен.  Сондай-ақ, Алла Тағала адамзат баласына: «Өз бастарыңды қауіп-қатерге тікпеңдер», – деп ескерту жасаған («Бақара» сүресі, 195-аят). Алла берген аманат – өз өміріміз бен денсаулығымызға дұрыс күтім жасамай, қауіп-қатерге көзсіз ұрынар болсақ, түбінде опық жейтініміз сөзсіз», - деп түсіндірді мешіт қызметкерлері.

Қазіргі уақытта Алматыдағы 51 мешіттің бәрі дезинфекцияланып жатыр. Имамдар жамағатты бұрынғыдай жаппай мешітке келмей-ақ, үйде мінәжат ете беруге шақырды. Жұма намазында уағыз айтылмайды, жамағатпен тәспих тартылып, дұға жасалмайды.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары