$ 521.9  593.5  6.39
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
03.06.2023, 10:03
Қоғам

Alumicon компаниясы алматылықтарды сазға отырғызып кетті

Олар «Әйнек салдырамыз» деп, миллиондарынан қағылған

Alumicon компаниясы алматылықтарды сазға отырғызып кетті
Фото: kaz.zakon.kz

Алматылықтар терезе орнататын Alumicon компаниясына алдандық деп шу шығарды. Айтуларынша, фирма өкілі клиенттердің үйіне барып, терезе өлшемін есептеп, 70-80 пайыз алдын ала төлемді талап етеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Тіпті келісімшарт та түзеді екен. Сөйтіп жалпы жұмыстың 10 пайызын жасап, ізім-ғайым жоқ болды дейді. Аталмыш Серіктестіктен бақандай 11 миллион теңгесін ала алмай жүргендер де бар. Алайда компания директорының уәжі мүлдем басқа.Қанат Сағымбеков екі қабатты даңғарадай үйін былтыр жазда салып бастаған. Өзінің жоспарымен қысқа дейін отбасымен кіруі керек еді. Құрылыстың негізгі бөлігі аяқталса да, әлі күнге дейін қабырғасы бос тұр. Өйткені баспанасының сыртын әйнекпен қаптау керек болған компания алдап кетті дейді.

«Алюмикон» компаниясына тапсырыс бердім. Компания 80 пайыз ақшасын сұрады. 11 милллион теңге төледім. Келмеді де, мені алдап кетті. Терезені салайын десем, күнде «ертең» дей береді. Негізі екі айдың ішінде бітіреміз деген», дейді Қанат Сағымбеков.

Аталған компанияға алдандым деген жалғыз Қанат қана емес, тағы бірнеше адам бар. Олар да үйін әйнекпен қаптаймыз деп миллиондарынан айырылған.

«Alumicon» компаниясынан терезеге тапсырыс бердім. Келісімшарт түзіп, 3 миллионнан аса теңге төледім. Жұмысын толық аяқтамады. Ақшаны қайтармай жүргеніне бір жарым жыл болды. Директоры – Юлия Сергеевна», дейді алматылық Асқар Тілеутаев.

Серіктестіктің былығы жетерлік сияқты. Әлеуметтік желісінде клиенттерінің де, тіпті өз жұмысшыларының да көңілі толмай жүргені толық жазылған. Тіпті компанияның басы дауға қалып, атауын да жиі өзгертетін көрінеді. Мән-жәйді білу үшін мекенжайына барып көрдік. Көшіп кеткен екен. Қоңырау шалдық. Компанияның директоры тұтынушыларымен келісімшартты бұзғанын айтады

«Клинеттер мен біздің арамыздағы келісімшарт бұзылған. Жұмыстың бір бөлігі аяқталды, қалғанын басқа компания жасайды. Ақшаны қайтарғанбыз», деді компания директоры.

Қалалық полиция департаменті мәліметінше, аталған дерек Түркісіб ауданы полиция басқармасында ҚР ҚК 190-бабының нормаларымен тіркеліп, алаяқтық дерегімен қылмыстық іс тергеліп жатыр. Қылмыстық іс жүргізуде көзделген барлық тергеу өз деңгейінде өткізіліп жатыр. Нәтижесінде істің толық мән-жәйі және басқа да мәлімет анықталып, процесуалдық шешім қабылданады.

«Әйнек салдырамыз» деп әбігерге түскен жұрттың талабы – тиісті ақшасын қайтарып алу әрі жұртты алдап кеткен компания директорын да жазаға тартқызу.

Серіктес жаңалықтары