$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
02.06.2023, 23:17
Қоғам

Степногорда отбасында зорлық көрген аналар далада қалуы мүмкін

Құны 300 миллион теңге тұратын нысанды әкімдік алмақшы

Степногорда отбасында зорлық көрген аналар далада қалуы мүмкін
Фото ашық дереккөзден

Степногор қаласында отбасылық зорлық-зомбылыққа ұшырап, үйінен безген аналар далада қалуы мүмкін. Өйткені қала әкімдігі орталық орналасқан коттеджді босатып беруді талап етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК арнасына сілтеме жасап.

Ғимаратты осыдан бес жыл бұрын жергілікті меценат кризис орталығына сыйға тартқан. Енді құны 300 миллион теңге тұратын нысанды әкімдік алмақшы. Ал ондағы аналар мен әкесінен зәбір көрген 12 балақайдың басқа барар жері жоқ. 22 жыл бұрын ашылған мекемеге отбасындағы зорлық-зомбылыққа шыдамаған аналар пана іздеп келеді.

 Меценаттар аталған кризис орталығына бес жыл бұрын осы зәулім коттеджді сыйға берген. Осы уақытта төрт мыңға жуық адам мамандардан көмек алып, қиын сәтте  қолдау көрген. Қазір де күйеуінен зәбір көрген 4 ана мен 12 бала тұрып жатыр. Күйеуінен жасырынып жүрген әйелдің  атын атап, түрін көрсете алмаймыз. Бұл жағдай осындағы барлық паналаушының басында бар жағдай. Орталықтағы балақайлар бүгінгі балалар мерекесін де өзгелер сияқты атап өте алмады. Кейбірін тіпті туған әкесі қудалап жүргендіктен, далада да еркін жүріп-тұра алмайды. «Басынан өтпеген жан оны қайдан түсінсін» дейді аналар.

Қиын жағдайға тап болған аналар енді орталықтан көшуі керек. Өйткені әкімдік 11 маусымда «коттеджді босатыңдар» деген  хабарлама жіберіпті. Бірақ  далада қалғандарға пана болатын орталық көшіп барар басқа ғимарат таппай отыр. 

 «Меценаттар бұл коттеджді кризис орталығы, яғни бізге берген. Меморандум бойынша коммуналдық қызметке ғана ақы төлеп келдік. Енді, «босатыңдар» дейді. Басқа ғимарат іздеп көрдік, жал ақысы өте қымбат.Әрі осы жер өте қолайлы болатын. Енді қайда барады?», - дейді «Женский луч» қоғамдық ұйымының директоры Оксана Волкова-Михальская.

Ал әкімдіктің жауабы қысқа – кризис орталығы қалай да нысанды босатуы керек. Өйткені жергілікті шенділердің басқа жоспары бар.

 «Үкіметтік емес ұйымдарға біз әкімдік балансындағы ғимаратты тегін бере алмаймыз. Оның үстіне 60-қа жуық мүгедек баланы орналастырып, оларға көмек көрсететін орталық ашуды жоспарлап отырмыз. Алдын ала ескерткенбіз. Енді босатуға тиіс. Оларға беретін бос ғимарат жоқ, басқа қоғамдық ұйым сияқты  өзі тауып алсын», - деді Степногор  жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлім басшысы Алмат Тоқмағанбетов.

«Барар жеріміз жоқ» деп қиналған аналар қала әкімінен де көмек сұрапты. Себебі, қамқорлыққа зәру 12 баланың арасында алты айлық сәби де бар. Алайда әкеден көрмеген жақсылықты олар әкімнен де көрмейтін сияқты.

Серіктес жаңалықтары