Павлодар облысындағы мектептердің бірін бір-ақ түлек бітірді
Төртқұдықтағы мектеп ұжымында 12 мұғалім жұмыс істейді
Павлодар облысында бір ғана түлек мектеп бітірді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Еуразия бірінші арнасының хабарлауынша, Төртқұдық ауылдық мектебінің оқушысы болған Данияз Төребаев – өз мектебінің биылғы жалғыз түлегі.
«Жалғыз оқыған қиынырақ екен. Бірақ қалай болғанда да, үй тапсырмасын орындап, сабақтан қалмай жүресің, қашып кету мүмін емес, сабақта толық отыруға тура келеді», - деп әзілдейді Данияз.
Данияз Төребаевтың мектеп бітірген сәтін көруге барлығы 26 оқушы келді.
Төртқұдықтағы мектеп ұжымында 12 мұғалім жұмыс істейді. Оның 10-ы осы мектептің түлегі. Олар жоғары білім алып, туған жеріне оралған. Данияздың сынып жетекшісі – оның үлкен ағасы Ниязбек. Дегенмен одан оқу жеңілдеп кеткен жоқ дейді ол. Мектептің жалғыз түлегі оқуын Павлодарда жалғастырмақ. Жас жігіт мамандық таңдау оңай болмағанын айтады.
«Мен Павлодарға ПМПИ-ге түсіп, спортпен, дзюдомен айналысып, спор шебері, дене шынықтыру мұғалімі болғым келеді», - дейді түлек.
Бозбала мұғалім мамандығын игерген соң, міндетті түрде қара шаңыраққа оралатынын айтады.