Түркістан облысында 400 мыңнан астам адам жер алу үшін кезекте тұр
Жауаптылар қолда бар ресурстарды пайдалануға қауқарсыз
Түркістан облысында 400 мыңнан астам адам жер учаскесін алу үшін кезекте тұр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Хабар 24 арнасына сілтеме жасап.
Бірақ оның жылжитын түрі жоқ. Кейбір тұрғындар, тіпті 10 жылдан астам уақыт, өз кезегін күтуде. Бұл, депутат Ұласбек Сәдібековтің мәжіліс отырысында көтерген мәселесі. Оның айтуынша, проблеманың негізгі себебі жергілікті әкімдіктерде. Жауаптылар қолда бар ресурстарды пайдалануға қауқарсыз. Ал халық саны болса, артып келеді. Бүгінде аймақта 2 миллионнан астам азамат тұрады. Мәжілісмен Үкіметтен мұндай түйткілді мәселеге назар аударуды сұрады.
«Ауылдық жерлердегі халыққа тұрғын үй салу үшін жер телімдерін үйлестіру кезек күттірмейтін мәселеге айналған. Мысалы, Түркістан облысында тұрғын үй салу үшін жер кезегінде 408 мыңнан астам адам кезекте тұр, ал мен сайланған Сайрам, Түлкібас, Төлеби, Бәйдібек, Созақ аудандары мен Кентау қаласында жер кезегінде тұрған халық саны – 155 мыңнан астам. Кейінгі 10 жылда кезекте тұрғандардың 2-3% ғана жер алған. Кейбір азаматтардың кезекте тұрғандарына 15 жыл уақыт болған», - деді Мәжіліс депутаты Ұласбек Сәдібеков.