$ 521.9  593.5  6.39
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Репрессия ұлтқа жасалған қиянат деп бағалануы тиіс – академик Қойгелдиев

Академиктің пікірінше, кеңестік биліктің мақсаты – қазаққа бас болатын саяси зиялы қауымды жою болды

Репрессия ұлтқа жасалған қиянат деп бағалануы тиіс – академик Қойгелдиев

Өткен ғасырдың басындағы нәубет жылдары қазақ халқының тең жартысына жуығы қырылып қалған. Халықты жойып жіберу үшін жиі-жиі арнайы қастандықпен қуғындау, жазалау шаралары ұйымдастырылды. ҚР ҰҒА академигі Мәмбет Қойгелдиев неліктен қазақ халқының саны әлі күнге дейін өспей отыруының себебін нақты мысалдармен түсіндірді. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған қаралы жиын барысында ғалымдар көрші мемлекеттермен салыстырып, нәубеттің біз үшін қаншалықты ауыр болғанын айтты, деп хабарлайды Azattyq-ruhy ақпараттық порталының тілшісі. 

«Ашаршылық құрбандарын еске алу күнінің қаншалықты маңызды екенін өздеріңіз білесіздер. Өзбекстан халқының саны 35 миллион, олардың басым бөлігі өзбектер екені түсінікті. Қазақстан халқының саны қазір 20 миллион десек, оның 14 миллионы қазақтар. Ал 1917 жылдың қарсаңында қазақ халқының саны 6 миллионға жуық болған. Тағы бір дереккөздерде одан да көп болған дейді. Ахмет Байтұрсынұлы 1915 жылы «Қазақ» газетінде : «6 миллион қазақпыз»,- деп жазды. Өзбектер 1917 жылдың қарсаңында 3-5 миллион болатын. Бізден екі есе аз болды. Ал қазір олар 35 миллион. Біз 14 миллионбыз, екі есе кембіз. «Неге олай?» деген сауал туады. Ол билікке байланысты. Баяғыда француз ғалымы Жан Жак Руссоның айтқан сөзі бар: «Биліктің жақсы, не жаман болғандығы - халық санының өсуінен не кеміп кетуінен көрінеді». Қазақстан ХХ ғасырда көптеген трагедияны бастан кешірді. Әсіресе, 1920-30 жылдардағы репрессия кезінде қазақтардың саны кеміп кетті. 1921-22 жылдары қазақтар бір миллионнан астам адамынан айырылды, 1931-33 жылдары 2 миллион 200 мың қазақ қаза болды, 49 пайызы, яғни жартысынан айырылды», - деді тарих ғылымдарының докторы Мәмбет Қойгелдиев.

Ал ғалым Бейбіт Қойшыбаев 31 мамырды демалыс күні деп жарияласа артық етпейтінін айтуда. Өйткені оның сөзінше, саяси қуғын-сүргін құрбандары қаралы күн, ауыр трагедия. Жазықсыз атылып, азаппен ажал құшқан азаматтардың  мүрделері Арқа мен Алатаудың, Атыраудың арасында толып жатыр. Ал академик Қойгелдиев келмеске кеткен Кеңес Одағы қазақтар үшін қолайлы болған жоқ деп түйіндеді.  

«Содан қорытынды жасауға болады. Кеңес билігі қазаққа жайлы болды ма, жайсыз болды ма?! Қорытындысын ой-елегінен өткізіңіздер. Қазір әртүрлі пікірлер айтылып жатыр. Біз халықпыз, елміз. Біз өткенімізге дұрыс қорытынды жасай алуымыз керек. Әсіресе, Кеңес үкіметінің қазақ халқының тағдырындағы рөліне байланысты ғылыми негізі бар дұрыс тұжырымға келуіміз керек. Сталин мен Ленин уәдесін орындаған жоқ. Біз оны ашық айтуымыз керек. Олар Қазақстанды билеуге өз адамдарын жіберді. Сондықтан қазақтардың санының кемуіне Кеңес үкіметі кінәлі»,- деді тарихшы.

ХХ ғасырдағы Қазақстанның трагедиясын көрсететін 12 томдық жинақ жуырда жарық көреді. Аталған жинақтың жұмысын академик Қойгелдиевтың өзі басқарып отыр. Репрессияға байланысты бүкіл архив қорлар жиналған. Академик тарихи жағдайларға тоқтала келе, қазір де ұрпақ үшін күрес жүріп жатқанын айтты. Ол Президенттің көрші елдерге барған кезде сөйлеген сөздерін тапқырлық деп бағалады.  

«Сол кезде қазақтарды байлар деп айыптады, оларды қудалады. Байлар соншалық кінәлі ме еді?! Қазақ қоғамында байлардың саны 1 пайызға жетер-жетпес болды. Соларды репрессияға алып, атып, асудың қажеті бар ма еді? Жоқ. Бөкейханов бастаған біздің зиялылар «Байларды қудалаудың қажеті жоқ. Олардың байлығын салық салу арқылы жаңа қоғам құруға пайдаланайық» деді. Сталин бастаған топ тыңдаған жоқ. Қазақ байларын асып, атып, жер аударды. Тіпті онымен де шектелген жоқ. Оның артынан Алаш зиялыларына 1929-1931 жылдары бірінші сот процесін бастады. Ол Қызылордада басталды, Алматыда жалғасты, Мәскеуде аяқталды. 1930-32 жылдары Алаш зиялыларын соттаудың екінші толқыны жүрді. Бұл қазақты басшысыз қалдыру саясаты болатын. Басшысыз елді басқару жеңіл болады. Қой сияқты алдына салып, айдап жүру оңай.  Репрессия мұнымен де аяқталған жоқ. Екінші буын саяси басшылық – Тұрар Рысқұлов, Смағұл Сәдуақасов сияқты басқа да кеңестік зиялылар, қалтасында коммунистік партия билеті бар бола тұра түгел репрессияға ұшырады. Кеңестік биліктің мақсаты – қазаққа бас болатын саяси зиялы қауымды жою болды.  1921 жылдан бастап Алаш зиялылары үстінен құжаттар жиналды. 1929 жылдан бастап оларды репрессияға алды. Ұлт-азаттық қозғалысқа атсалысқан жастар түгел сотталды.  Мен Парламентке бірнеше рет жазғанмын, қазір де қайталаймын:  Қазақ халқының ХХ ғасырдағы басынан кешірген трагедиясына байланысты құжат қабылдануы керек. Оны халық білуі керек. Бүгінгі қаралы жиынның маңызы зор. Қазақта «өлі риза болмай, тірі байымайды» деген аталы сөз бар. Біздің зиялылар, ұлт азаттық көтеріліске шыққан азаматтар не үшін құрбан болды? Қазақ жерінің тұтастығы үшін, мемлекеттігі үшін жанын қиды. Оларды ұмытпау, құрмет көрсету, жас ұрпақтың миына сіңіру – біздің парызымыз. Қазіргі саясатты қолдау  – біздің міндетіміз. Қасым-Жомарт Кемелұлының соңғы айтқан сөзін (Мәскеуде -ред) білесіздер, одан бұрын Ленинградта айтқан сөзі де орынды. Президентке біз тіреу болуымыз керек. Президентті қолдауымыз керек. Болашақ үшін күрес жалғасып жатыр», - деді академик.

Серіктес жаңалықтары