«Комиссия өз деңгейінде нәтижелі жұмыс істей алмады»: депутат Маңғыстаудағы жағдай жайлы
Самат Мұсабаев өңірде әлеуметтік наразылықтар әлі күнге дейін бар екенін айтты

Маңғыстауда комиссия өз деңгейінде нәтижелі жұмыс істей алмады. Бұл туралы депутат Самат Мұсабаев Мәжілісте айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Біздің осы депутаттық сауалымызға себеп, ағымдағы жылғы 4 сәуірде Премьер-министрдің атына № 9-10-44 жолданған хаттың жауапсыз қалуы және екі ай дегенде Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика вице-министрінің қолымен ұсынылған жауаптың қанағаттандырылмауы. Өткен жылғы қаңтар айында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Маңғыстау облысындағы жағдайды реттеуге арналған Үкіметтік комиссия құрылған болатын. Комиссия өңірде өз деңгейінде нәтижелі жұмыс істей алмады», - деді ол.
Депутат оған дәлел Маңғыстау өңіріндегі жиі-жиі туындап отырған әлеуметтік наразылықтар екенін айтты.
«Осыған орай, Үкімет деңгейінде Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық мәселесін шешуге арналған арнайы Үкімет Комиссиясы құрылсын.Үкіметтік комиссия Маңғыстау облысында қордаланған барлық мәселелерді анықтап, тиісті шешімдер қабылдап, нақты нәтижелерге қол жеткізуі қажет», - деді Мұсабаев.