Өңірде 250 мың адам саяси репрессияның құрығына ілікті - Алматы облысының әкімі
Алматы мен Алматы облысың тұрғындары Жаңалық ауылына жиналып, қаралы митинг өткізді
Сталиндік қуғын-сүргін кезінде Алматы облысында 250 мың адам жазаланған. Олардың тең жартысына жуығы түрмеге қамалып, он бес мыңнан астамы жазықсыз атылып кеткен, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Бүгін Алматы мен Алматы облысың тұрғындары Талғар ауданындағы Жаңалық ауылына жиналып, қаралы митинг өткізді. Жаңалық ауылындағы сайда атуға жазасына кесілген төрт мыңнан астам алаштықтардың мүрдесі шұңқырға көмілген. Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев бастаған мемлекеттік қызметкерлер мен зиялы қауым өкілдері жазықсыз құрбан болғандарға тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды. Құран бағыштап, халыққа ас берді.
«Қазақстанның тарихында көптеген қиын кезеңдер болған. Солардың бірі – ХХ ғасырдың алғашқы жартысында болған саяси қуғын-сүргіндер және солақай саясаттың нәтижесінде қолдан жасалған ашаршылық. Бүгін сол зұлмат жылдардың құрбандарын, жазықсыз жандарды еске алатын күн. Осы орайда Мемлекет Басшысы Қасым–Жомарт Тоқаев «Біз жазықсыз жазаланғандарды есте сақтау арқылы кемел келешекке жол ашамыз», - деп атап көрсетті. Қуғын-сүргінге ұшырағандардың қатарында мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, мәдениет және өнер қызметкерлері болды. Тоталитарлық жүйе мұндай адамдардың отбасылары мен туыстықтарын да аямады. «Кіші Қазан» төңкерісі салдарынан елімізде 40 миллионнан астам мал басы қырылып, халық жаппай ашаршылыққа ұшырады. Қолдан жасалған нәубеттен 1,5 миллионға жуық адам қайтыс болды», - деді облыс әкімі.
Қазіргі уақытта мемлекет басшысының қолдауымен арнайы комиссия құрылып, кең көлемде жұмыс істеп жатыр. Зерттеу барысында тек Алматы облысының аумағында 250 мың адам саяси репрессияның құрбаны болып, 15 мыңы атуға кесілгені анықталды. Жазықсыз жазаланған адамдардың көпшілігі Жаңалық ауылы мен Боралдайдағы Қандысайда жерленген.
«Тәуелсіздік туын тіккеннен бері саяси қуғын-сүргін және ашаршылықтың құрбандарын еске алып, олар жерленген жерлерді мемлекеттің қарауына алып, арнайы мұражайлар салуға мүмкіндік алдық. Қасіретті жылдардың құрбандарын ақтау жұмысы жалғасып жатыр.
Бұл ретте барлық жердегідей облысымызда да арнайы комиссия жұмыс істеуде. Комиссия мүшелері азаматтарды ақтау үшін архив құжаттарымен жұмыс істеп, «Қастек көтерілісі. 1928 жыл», «Империялық-полицейлік қадағалаудың тарихы», «Алатау өңірі: Алаш қайраткерлері», «1928: Мүлікті тәркілеу тарихынан – Балқаш ауданы» сияқты құжаттар жинақтарын шығарды. 31 мамыр - Қазақстан Отаны болған көптеген ұлттар үшін де қаралы күн. Себебі, көптеген халықтар тағдырдың тәлкегіне түсіп, күшпен көшірілді.
Дархан қазақ даласы әр ұлтты шеттетпей, бауырына басты. Жаппай депортациялау жылдарында Алматы облысына 100 мыңнан астам қоныстанды. Тарихтағы осындай қиын кезең бірлігімізді берік, бүгінгі тірлігімізді тату ететін фактор екені сөзсіз.
Құрметті қауым! Адамзат тарихында мұндай қастерлі оқиғалар енді орын алмасын. Зобалаң жылдардың құрбандарын есте тұтып, тарихтағы лайықты бағаларын беру ісі жалғаса берсін. Еліміз аман, Егемендігіміз еңселі, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!», - деді Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев.