Биыл Жамбыл облысында 54 мың адам жұмыспен қамтылады
Өңірде 13 мыңнан астам жұмыс орны ашылмақ
Биыл Жамбыл облысында 54 мың адам жұмыспен қамтылады. Бұл туралы Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын құруға» қатысты берген тапсырмасына сәйкес, биылға 13 мың 400 жұмыс орнын құру жоспарланып, қазіргі таңда 4486-сы құрылды. Жалпы биыл 54,2 мың адамды жұмыспен қамтуға 13,5 млрд теңге бөлініп отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге артық», - деді Нұржігітов.
Оның айтуынша, осы жұмыстардың нәтижесінде атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылардың саны жыл сайын азайып жатыр.
«Мысалы, 2021 жылы атаулы көмек алушылар саны 61,4 мың болса, биыл бұл межені 46,5 мыңға дейін түсіру күтіліп отыр. Ал облыстың даму жоспарына сәйкес 2025 жылға дейін барлығы 83,7 мың жұмыс орнын құру жоспарлануда», - деді ол.