СҚО-да биыл 330 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтару жоспарлануда – Жер аманаты
Енді бұл жер учаскелерін ауыл тұрғындары жеке мал жаю және шабындық үшін пайдаланады
Солтүстік Қазақстан облысында өткен жыл 304,1 мың га жайылым жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл туралы «AMANAT» партиясының өңірлік филиалы жанындағы «Жер аманаты» комиссиясының отырысында айтылды. Енді бұл жер учаскелерін ауыл тұрғындары жеке мал жаю және шабындық үшін пайдаланады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Жер аманаты» облыстық комиссиясының тікелей араласуымен өткен жылы пайдаланылмай және заңсыз жеке меншікке өтіп кеткен 304,1 мың га ауыл шаруашылығы жері мемлекет меншігіне қайтарылды. Солтүстік Қазақстан облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Мейрам Меңдібаевтың айтуынша, қайтарылған жердің 40,4 мың гектары конкурс арқылы жалға, 40,3 мың гектары ауыл тұрғындарына берілген. Қазіргі уақытта қалған 223,4 мың гектарды ауыл тұрғындарына беру үшін жер-кадастрлық құжаттаманы ресімдеу жалғасуда.
«Биыл заңсыз берілген және пайдаланылмай жатқан 330 мың гектар жер қайтарылады. Даулы мәселелер бойынша сотқа 121 талап арыз жолданды. Облыстық жер ресурстарын басқару департаменті жүргізген 16 тексеру нәтижесінде 18,4 мың гектар алқапта 11 кемшілік анықталды. Мәселен, 17,4 мың гектар жері бар шаруашылықтың бірде-бір мал жоқ. Анықталған кемшіліктерді жою үшін ұйғарым беріліп, 8 айыппұл салынды», - деді Мейрам Меңдібаев.
Өз кезегінде, «Жер аманаты» облыстық комиссиясының төрағасы Болат Данияров партиялықтар осыған дейін атқарылған істің нәтижесіне тоқмейілсіп отырмай, жерді мемлекет меншігіне қайтару бойынша жұмысты жалғастыратынын жеткізді.
«Біздің басты міндетіміз – жер қатынастары мәселесінде заңдылық пен әділдікті қайтару. Өңір тұрғындарынан пай жерлері мен шабындықтар бойынша және ауыл маңында бос жайылым жердің жоқтығы туралы шағымдар күн сайын түседі. Біз мемлекеттік органдармен және ірі меншік иелерімен бірлесіп барлық шешімнің орындалу барысына мониторинг жүргізуді жалғастырамыз», - деді ол.
Бұған дейін «Жер аманаты» республикалық комиссиясының бастамасымен әрбір ауылдық елді мекен үшін жайылымдық алқаптардың тапшылығын және мемлекет меншігіне қайтарылған жер учаскелерінің тізбесі көрсетілген jerkarta.gharysh.kz интерактивті картасы әзірленген болатын.
Жалпы еліміз бойынша өткен жылы «Жер аманаты» комиссиясының тікелей көмегімен пайдаланылмай жатқан 5 млн гектардан астам жер мемлекет меншігіне қайтарылды.
Еске сала кетейік, жер мәселелерін жедел шешу үшін қазақстандықтар «AMANAT» партиясының 8 800 080 44 41 «Сенім телефоны» арқылы заң бұзушылықтың барлық фактісі туралы хабарлай алады. Өтінімдер WhatsApp арқылы да +7 700 800 44 41 нөмірі бойынша қабылданады.