$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
13.03.2020, 15:48
Қоғам

Петропавлда құрылысы бітпеген үйдің ипотекасын төлеп қиналған тұрғындар шағымданды

Құрылысқа жауапты компаниялар мен жергілікті билік жауапкершілікті бір-біріне сілтеп отыр

Петропавлда құрылысы бітпеген үйдің ипотекасын төлеп қиналған тұрғындар шағымданды
Фотолар мақала авторына тиесілі

Петропавлда жаңа салынған үйден пәтер сатып алған тұрғындар жаңа баспаналарына көше алмай жүр. Ипотекалық несие төлеп отырғандардың арасында жалдамалы пәтерлерде тұрып, шығынға батып жүргендер де бар. Нысан ресми түрде халыққа пайдаланылуға берілгенмен, іс жүзінде ыстық су мен жарық жоқ. Ал үйдің алды қоқыс алаңына айналған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігінің СҚО-дағы тілшісі.

Петропавл қаласында жаңадан бой көтерген Жас өркен ауданында салынып жатқан 9 қабатты үйдің құрылысын 5 компания жүргізуде: «Альфа-Север», «Стройкомпания», «Основание», «Зерттеу СК» және «Ашстрой» серіктестіктері. Әрқайсысы 2 кіреберіске жауапты. 324 пәтердің басым бөлігі сатылып кеткен. Әрбір шаршы метрдің бағасы 190-230 мың теңге аралығында. Ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілмеген үй екенін ескерсек, аталған сома аз ақша емес. Құрылыс компаниялары сатып алушылардың қыруар қаражат төлегеніне қарамастан, берген уәдесін орындамай отыр.

«САУДА САҚАЛ СИПАҒАНША»

«Стройкомпания» құрылыс компаниясы бастапқы 20 пайыздық жарна төлеп, алдын ала келісімшарт жасасып қойған тұтынушыларын асықтырып, қазан айында ипотекалық несие рәсімдеуге асықтырған. Банктен қарыз алғандардың дені «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасын пайдаланған. Тұрғындардың айтуынша, серіктестік директоры қаражатты толық алып, төлем аяқталған соң өзгеріп сала берген.

«Айына 68 мың теңге көлемінде ипотека төлеп отырмыз. Біз пәтер сатып алған «Стройкомпания» серіктестігінің өткен жылы берген ақпаратына сәйкес, нысанның құрылысы 2019 жылдың тамыз айында аяқталуы тиіс еді. Біз қазан айында ипотека рәсімдедік. Банк толық соманы құрылыс компаниясының шотына аударды. Біз несиені төлеп жатырмыз. Мен пәтер алғанда коммуникация тартылмағанын білген жоқпын. Жылуды да кешіктіріп берді. Ыстық су мен жарық жоқ. Подъезден уақытша жарық тартып, ішкі әрлеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бірақ көше алмай отырмыз. Себебі, жарық тұрақты түрде берілмейді. Құрылысқа жауапты 5 компания бәрін бір-біріне сілтеп отыр», - дейді Юлия Жугина есімді тұрғын.

Ал Аида Серікова есімді тұрғын басқа барар жері болмағандықтан, жаңа пәтеріне көшіп келген. Жарықты подъезде тартылған уақытша желі арқылы алып отыр. Айтуынша, үйдегі тұрмыстық техниканы кезекпен қосады екен. Әйтпесе, жарық мүлде сөніп қалады.

«Құжат жүзінде бәрі дайын. Шын мәнінде, шешілмеген мәселе көп. Құрылыс компаниялары жұмысын дұрыс істемеді. Электр энергиясы тұрақты берілмейді. Жуыну үшін туыстардың үйіне барамыз. Немесе суды жылытамыз. Екі балам бар. Өзіміз жұмысқа кеткенде үйде отырады. Жарықты подъезден тартып отырмыз. Күні бойы уайыммен жүремін. Сымдар ашық-шашық тұр. Балаларды тоқ соғуы әбден мүмкін. Жуырда жарықты көрші үйден тартып отырғанымызды білгенде жағамды ұстадым», - дейді үй тұрғыны Аида Серікова.

Жалға алған пәтері мен ипотекаға алған үйі үшін бір уақытта ақша төлеуге шамасы жетпейтін бірнеше отбасы бар. Олар кез келген уақытта жарықсыз қалудан қауіптенеді.

СЫРТҚЫ КОММУНАЛДЫҚ  ЖЕЛІЛІЕРГЕ КІМ ЖАУАПТЫ?

Мән-жайды білу мақсатында «Стройкомпания» ЖШС-нің директоры Хайдар Атажановқа хабарласқанымызда, оның сауалымызға құлақ асқысы келмеді. Қордаланған мәселелердің қашан шешілетінін айтудың орнына, сотқа беретінін айтып, байбалам салды.

«Тұрғындар «СевКазЭнергоСбыт» серіктестігімен келісімшартқа тұрмайынша, ыстық су болмайды. Ал жарық мәселесін Петропавл қалалық әкімдігі шешеді. Біз конкурсқа қатысып, құрылыс жүргізу жұмыстарының тендерін жеңіп алдық. Заң бойынша үйдің сыртқы желілерін тартуға бөлек байқау жарияланады. Оған әкімдік жауапты. Біз үйді тапсырдық. Қалған мәселенің маған қатысы жоқ», - деді «Стройкомпания» ЖШС директоры Хайдар Атажанов.  

Осылайша құрылыс компаниялары мен жергілікті билік жауапкершілікті бір-біріне сілтейді. Екі тарап та өз міндетін анықтай алмау себебінен, қарапайым тұрғындар зардап шегіп отыр.

«Бұл жеке құрылыс болған соң, біз оған кіріспейміз. Жергілікті әкімдік бұл үйге коммуналдық жүйелерді тарта алады. Бірақ әзірге оған қаражат жоқ. Ол үшін мәслихаттан қосымша ақша бөлуді сұрау керек. Бұл мәселе әлі қарастырылған жоқ. Ал ауланы абаттандыру міндеті құрылыс компанияларының мойнында. Біз оған жауап бермейміз», - деді Петропавл қалалық әкімдігінің құрылыс бөлімінің маманы Нұрболат Мүжікенов.

«ЫСТЫҚ СУ МЕН ЖАРЫҚТАН БҰРЫН ТҮБІРТЕК КЕЛДІ»

Ыстық су мен жарықтың болмағанына қарамастан, «СевКазЭнергоСбыт» серіктестігі пәтер иелеріне түбіртек таратқан. Тұрғындар өздері пайдаланбаған коммуналдық қызмет үшін төлем жасауға не үшін міндеттеліп отырғанын түсінбей дал. Тіпті, монополист компаниямен ешқандай келісімшарт болмаған.

«Мұнда бастапқыда су мүлде болған жоқ. Біз ішкі әрлеу жұмыстарын бастаған едік. Оған әрине, су қажет. Жеделсаты болғанымен, іске қосылмаған. Суды даладағы құдықтан тасуға мәжбүр болдық. Оны жоғары қабаттағы үйлерге көтеру керек. Әркім осылай әрекет жасады. Жылу берілді. Оның ақысын төлеуге келісеміз. Ыстық су мен жарық жоқ. Пайдаланбаған нәрсеге не үшін ақша төлеуге тиіспіз?», - дейді Еркегүл Есмағұлова есімді тұрғын.

Суық және ыстық суды есептегіш құралдар орнатылғанымен, іске қосылмаған. Тұрғындар коммуналдық компанияның бақылаушысын да ешқашан көрмеген. Есесіне, түбіртектерде әр пәтерде 2 адамнан тұратыны жазылған. Бұл ақпараттың қайдан алынып, қалай ортақ базаға енгізілгені де беймәлім.

Жарық, ыстық су, қоқыс, абаттандырылмаған аула, ипотека, жалдамалы пәтер – «баспаналы болдық» деп қуанудың орнына, мұңайып жүрген тұрғындардың жайы осындай.   

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО

Серіктес жаңалықтары