Коронавирус жұқтырған қазақстандықпен бір ұшақта болғандар карантинге әлі жабылған жоқ
Вирус жұқтырған азаматтың бірі 9 наурызда Германиядан келген

Тап сол бортта 73 адам болған. Бірақ ол кезде Германия қауіп бойынша бірінші категориядағы мемлекет деп жарияланбағандықтан, барлығы үйіне қайтарылған болатын. Енді Денсаулық сақтау министрі оларды тауып, карантинге жаппақ.
«Қазіргі біздің мақсатымыз – коронавируспен ауырған азаматпен байланыста болған адамдарды тауып, оқшаулау. Жұмысты бастап кеттік. Бәрін тапқаннан кейін, денсаулықтарын тексереміз», - деді Е.Біртанов.
Оның сөзінше, министрлікте барлық азаматтың байланыс телефондары бар. Табу қиындық тудырмайды. Министр Германиямен әуе қатынасын толық үзу мүмкін емес екенін де айтты.
«Себебі, ол жақта біздің азаматтарымыз бар. Іссапарлар бар»,- деді ол бұған қатысты.
Қазір анықталып жатқан коронавирустың жаңа түрі екен.
«Бұл - жаңа короновирус. Бұрын анықталған коронавирустардың симпомдарынан, яғни белгілерінен айырмашылығы бар. Сондықтан біз ақпаратты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан, ауру тергелген басқа елдерден, елшіліктерден аламыз. Сондықтан жеңіл симптом анықталған адамдар емделмейді. Үйге оқшаулауға жіберіледі. Кез келген аурудың жеңіл, ауыр түрі болады. Барлығы адамдардың иммунитетіне байланысты. Сондықтан қазақстандықтарға қатты қобалжудың қажеті жоқ», - деген пікір айтты Біртанов.
Бұған дейін министр қазақстандық екі азаматтан коронавирус табылғанын хабарлаған еді.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан