Елімізде зейнет жасына толған 180 мың азамат БЖЗҚ-ға жүгінбеген
Зейнетақы төлемдерін алуға жүгінбеген тұлғаларды анықтау жұмыстары әлі де жалғасып жатыр
Елімізде зейнет жасына толған, бірақ зейнетақы жинақтарын алу үшін БЖЗҚ-ға жүгінбеген отандастарымызға мақсатты хабарландыру жүргізілді, деп хабарлады Azattyq Ryhy.
БЖЗҚ жыл сайын «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясымен бірлесіп, зейнет жасына толған және БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар, бюджет қаражаты есебінен жасына байланысты зейнетақы төлемдерін алатын, бірақ БЖЗҚ-ға төлем үшін жүгінбеген адамдарды анықтау тұрғысынан салыстырып тексеруді жүргізетінін хабардар етті.
«Салыстыру нәтижелері бойынша 2023 жылдың басында жоғарыда аталған санаттағы 180 мыңнан астам адам анықталды», - делінген БЖЗҚ баспасөз қызметінің хабарламасында.
Зейнетақы жинақтарын төлеуді жүзеге асыру мақсатында Мемлекеттік корпорация ағымдағы жылдың сәуір айында мобильді азаматтар базасында тіркелген алушыларға зейнетақы жинақтарын төлеу бойынша проактивті қызмет көрсетуге келісімін алу үшін SMS-хабарламалар жіберді.
«Айта кету керек, тұрғындардың көбінің телефон нөмірлері МАБ-да тіркелмегендіктен, хабарласу қиындық тудырады. Бұдан басқа, Мемлекеттік корпорация 57 мыңнан астам адамның Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткенін, сондықтан Мемлекеттік корпорациядан төлем алмайтынын анықтады. БЖЗҚ-дан зейнетақы жинақтарын алмағандардың арасында зейнетақы жинақтары төлемін алуға қайтыс болған адамдардың өтініш білдірмеген мыңға жуық мұрагері де бар. Тағы бір санат – жалпыға бірдей белгіленген зейнет жасына толған және еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы алып жүрген адамдар», - делінген хабарламада.
Алайда зейнетақы төлемдерін алуға жүгінбеген тұлғаларды анықтау жұмыстары әлі де жалғасуда. Осыған байланысты БЖЗҚ «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес зейнет жасына толған және БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар адамдар БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін алуға құқылы екенін және БЖЗҚ-дан зейнет жасына толуына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін тұрғылықты жері бойынша Мемлекеттік корпорацияның бөлімшелеріне уақытылы жүгінуге кеңес береді.
«Егер алушы төлем алуға өтініш бермесе, зейнетақы жинақтары оның жеке зейнетақы шотында сақталып, оған инвестициялық кіріс есептеле береді», - делінген хабарламада.
Естеріңізге сала кетейік, БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдері өтініш берілген күннен бастап тағайындалып, зейнетақы жинақтары таусылғанға дейін жүзеге асырылады.