Ресей Орта Азия елдері мен Иранға коронавирусты анықтауға арналған тест жиынтығын жіберді
Тест-жүйенің қомақты бөлігі коронавирус жұқтырғандар саны 10 мыңнан асқан, 429 адам көз жұмған Иранға жөнелтілді
Ресей COVID-19 вирусын анықтау үшін ресейлік мамандар жасаған тест-жүйесін бірқатар елдерге, оның ішінде Орталық Азия республикаларына да жібере бастады. Бұл туралы РФ Тұтынушылардың құқықтарын қорғау және адамның әл-ауқаты саласындағы қадағалау жөніндегі федералдық қызметінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Коронавирусты зертханалық анықтауға арналған 800-ге жуық тест-жүйені (бұл мамандарға 80 мың зерттеу жұмысын жүргізуге мүмкіндік беретін мөлшер) Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Иран, Әзербайжан, Моңғолия, ҚХДР, сондай-ақ, құрамына Ресейден өзге, Қырғызстан, Беларусь, Армения және Қазақстан кіретін Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдері де алды.
Дегенмен, тест-жүйенің қомақты бөлігі, яғни 500 жиынтығы коронавирус жұқтырғандар саны 10 мыңнан асып кеткен, 429 адам көз жұмған Иранға жөнелтілді.
«Ақпан айының басында Ресей тест-жүйелерін Қазақстан мен Өзбекстанға берген болатын. Бұл жиынтық Армения мен Беларусь елдеріне де жөнелтілген еді, бұл елдерде осы тесттің көмегімен коронавирус жұқтыру оқиғалары анықталғанын атап өту керек», - делінген хабарламада.
Аталмыш тест-жүйесін «Роспотребнадзорға» қарасты «Вектор» вирусология және биотехнология ғылыми орталығы жасаған.