$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
16.05.2023, 23:18
Қоғам

Қонаев қаласында маса улауға 45 млн теңге бөлінсе де, нәтижесі көрінбей отыр

Ал шенділер мәселенің шешімі биыл табылатынына сенімді

Қонаев қаласында маса улауға 45 млн теңге бөлінсе де, нәтижесі көрінбей отыр
Фото ашық дереккөзден

Маса қыруға миллиондар шашылып жатыр. Қансорғыштар мазасын алған Қонаев қаласының тұрғындары әкімдіктің әрекетсіз отырғанына наразы. Өйткені шаһарда жыл сайын масамен күреске қыруар қаржы жұмсалса да – нәтижесіз. Тіпті қалада одан бетер маса қаптап, ауру-сырқау көбейген. Ал шенділер мәселенің шешімі биыл табылатынына сенімді. Өйткені масаны улауға былтырғыдан төрт есе көп – 45 миллион теңге бөлініпті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК арнасына сілтеме жасап.

Үсті-басындағы бөртпелерді көрсеткен Маржан Әтееваның  қаптаған масадан әбден ығыры шыққан. Тұқымымен аллергиясы болған соң, қансорғыш зиянкестердің зардабын бірнеше жыл қатарынан төрт баласымен бірге тартып жүр.

 «Маса өте көп. Соңғы үш жылда ұлғайып жатыр. Кішкентай еді, қазір үлкен десем болады. Тереземізді аша алмаймыз, ашсаң, түнімен шағып шығады. Баланың ұйқысы да, мазасы да кетеді. Түнімен қышиды. Спиртпен сүртеміз. Басқа не істейсің?!», - дейді Қонаев қаласының тұрғыны Маржан Әтеева.

Әсіресе күн батқанда қиын. Ымырт уақыттан бастап далада жүру мүмкін емес дейді. Сол үшін көбі баласын күндіз де, кешке де далаға шығармайтын болған. 

 Тұрғындар әкімдіктегілердің де не істеп жүргенін білмейді. Айтуынша,  масамен күреске жыл сайын қаражат бөлінсе де, еш нәтиже жоқ. Керісінше, көбейіп кеткен. Мәселен, былтыр масамен күреске 10 миллион, биыл бақандай 45 миллион теңге бөлініпті. Сөйтіп шенділердің өзі мәселенің биыл шешілетініне сенімді.

 «Мәселе шешіледі. Бізде қазір үш мердігер ұйым жұмыс істеп жатыр. Жалпы 9 техника, оның ішінде тракторлар, шашатын техникалар бар.15-ке жуық түрлі құрылғылар бар. 30-ға жуық мамандар жұмыс істеуде. Көпқабатты 278 үйдің де жертөлесінде улау жұмысы жүргізілді», - дейді Қонаев қаласының ТКШ, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының орынбасары Асхат Жексенбеков.

Әкімдіктегілер былтырғыдан төрт есе көп қаражат бөлінуін осылай түсіндіріп отыр. Яғни қарашаның мазасын қашырған қансорғыштармен күреске биыл тыңғылықты кіріскен. Негізінен масаның көп болуы Қонаев қаласының Қапшағай су қоймасының жағалуында орналасуымен тікелей байланысты. Сондықтан аталмыш мәселе жылда күн жылыса көтеріледі.

Серіктес жаңалықтары