$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
13.05.2023, 12:24
Қоғам

Ауылда мектеп жоқ: Түркістан облысында оқушылар мақташылардың жатақханасында оқып жүр

Жыл сайынғы нәтижесіз жөндеуден шаршаған ауыл халқы жаңа мектеп салып беруді сұрап отыр

Ауылда мектеп жоқ: Түркістан облысында оқушылар мақташылардың жатақханасында оқып жүр
Бейнеден кадр

Түркістан облысының Ордабасы ауданына қарасты Елшібек батыр ауылында бірде-бір мектеп жоқ. Ал оқушылар амалдың жоғынан мақташыларға арналған жатақханада оқып жатыр. Қазір 208 бала білім алатын нысанда асхана да, акт залы мен спорт залы да жоқ. 50 жылға жуық уақыт бұрын бой көтерген ғимараттың бүгінде тоз-тозы шыққан. Жыл сайынғы нәтижесіз жөндеуден шаршаған ауыл халқы жаңа мектеп салып беруді сұрап отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Otyrar.kz-ке сілтеме жасап.

55 жыл бұрын мақташылардың жатақханасы ретінде салынған бұл ғимарат бүгінде білім ошағына айналған. Қазір ғимараттағы аядай 7 бөлмеде 208 оқушы білім алып жатыр. Бірақ мұнда оқу сыныптары жетпейді.

 «Күн қатты аязда болған кездерде ішінің бәрі көгеріп, иістеніп бұл жерде адамның тыныс алуына өте қолайсыз жағдайлар туындайды біздің мектепте. Көгерген соң жыл сайын мұғалімдер жөндеу жұмыстарын өзіміз қолдан жасаймыз. Әр әктегенде 3-4 рет әктемесек болмайды, ағарту үшін 3-4 рет әктейміз», - дейді дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Әбдіуақап Дінислам.

Ауылда оқушы саны көбейген соң жанында тұрған бір қабатты үй де оқу корпусына айналған. Алайда, төбесі ойылып, қабырғалары қирай бастаған соң, оны да жауып тастапты. Елшібек батыр ауылына 2018 жылы шенеуніктер мектеп салып бермекші болған екен.

Бірақ, өзен жағасына салынады деген соң қауіпті деп халық қарсы шығыпты. Дегенмен, тұрғындар оның орнына деп ауылдың дәл ортасынан өз жерлерін ұсынған көрінеді. Бүгінде, ата-аналар 5 жылдан бері дайын тұрған жерге білім ордасын салып беруге құлықсыздық танытқандардың әрекетін түсінбей дал.

 «Уәдені қатырып тұрып береді ендігі жылға деп, 2022-ге анық түседі дейді. Ол кезде Батыршаев еді, ол кезде түскен жоқ. Бадырақов мырза былтыр әкім бола салысымен осы ауылға келді,  «мектеп мәселесімен өзім айналысамын, биылға мектепті бастаймыз» деген. Ол уәденің өзі ұзап бара жатыр. Қазірдің өзінде осы жылдың күзіне түссе түсті, түспесе 2024-ші жылдың басына деп ол кісі де екі сөйлеп отыр», - дейді Ордабасы ауданының тұрғыны Рамазан Әбдіманап.

Аудандық білім бөлімі өкілдерінің сөзінше, ауылдың ортасына түсетін мектеп құрылысының құжаттары осыдан 3 жыл бұрын дайындалған екен. Алайда, облыстық құрылыс пен білім басқармасы мектеп қажет екенін жақсы білгенімен, мәселе қаржыға тіреліп тұрғанын айтады.

 «Қазіргі дайын жобаның құны 981 миллион. Ал енді қазіргі нарықтық бағамен қайта есептеу керек оны, себебі 2021-ші жылғы бағамен қазіргі бағаның материалы бар жалпы басқа сәйкес келмейді ғой, құрылыс материалдары мысалы. Сондықтан, оны қайта есептейді құрылыс басқармасы. Сол басқарманың құзырында», - дейді Ордабасы аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің әдіскері Мұхитбек Сәрсенбеков.

Ал биыл мектепке қаржы бөліне ме, жоқ па әлі белгісіз. Себебі бұл құрылыс басқармасы мен мәслихат депутаттарының құзіретіндегі мәселе. Егер қажетті қаражат қаралмаса, 208 оқушы ескі жатақханада оқуын жалғастыруға мәжбүр.

Серіктес жаңалықтары