$ 521.67  592.46  6.32
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
12.03.2020, 18:51
Қоғам

«Террорлық қауіп жоқ». Вокзал қауіпсіздігіне жауапты 100-ден астам алматылық жұмыссыз қалғалы тұр

Әзірге ресми түрде ешкім жұмыстан шығарылған жоқ, бірақ басшылық тарапынан ескерту болған

«Террорлық қауіп жоқ». Вокзал қауіпсіздігіне жауапты 100-ден астам алматылық жұмыссыз қалғалы тұр

Бүгін Алматыдағы екі бірдей теміржол вокзалының күзетшілері басшылықтың заңсыз әрекетіне қарсы наразылық білдірді. «Жан-М» ЖШС қызметкерлерінің айтуынша, олардың басшылары 120-дан астам адамды жұмыстан шығаруды жоспарлап отыр. Вокзал қауіпсіздігін қамтамасыз етіп келген қызметшілердің жұмыстан босатылатыны жайлы ақпарат WhatsApp желісіндегі өзара топта тараған. Компания басшылығы бұл әрекетін вокзалдарда террорлық қауіптің жоқтығымен түсіндірген. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігінің Алматыдағы тілшісі хабарлайды.

«Жан-М» ЖШС қызметкерлері Azattyq Rýhy агенттігіне хабарласып, жұмыстан заңсыз босатылғалы жатқанын, компания басшыларының әрекетіне наразы екенін айтты. «Алматы-1» және «Алматы-2» теміржол вокзалдарының жүзден астам қызметкері аяқ астынан жұмыссыз қала жаздаған. 

«Мен бұл қауіпсіздік агенттігінде үш жыл жұмыс істедім. Қадағалаушы инспектормын. Кеше топтың чатына жұмыстан шығарылған адамдардың тізімін тастай салды. Жұмыста қалатынардың атын қызыл түспен белгілеген. «Қалғандары келесі ауысымда жұмысқа шықпайды» деді. Неге олар бұл жағдайды  алдын ала хабарламады? Олар өз шешімдерін террорлық қауіптің жоғымен, кейбір қауіпсіздік бекеттерінде тазалау жұмыстары жүріп жатқанымен түсіндірді. Жұмыстан қысқарғандар резервте қалады дейді. Сонда біз үйде террористердің шыққанын күтіп отыруымыз керек пе?», - деді 90 мың теңге жалақыдан қағылғысы келмейтін Алмагүл Өркенбаева.

«Алматыэлектротранс» ЖШС сенімгерлік компаниялар арқылы Алматы қаласындағы қос теміржол возалының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Яғни, жұмысшыларын қысқартпақ болып жатқан «Жан-М» күзет агенттігі тікелей әкімдікке бағынышты «Алматыэлектротранс» ЖШС тендерін жеңіп алған.

«Көрсетілген қызметтер бойынша аталған компанияның алдында қарыз бен төлем бойынша кешігулер жоқ. Вокзалдардағы күзет бекеттерінің санын қысқарттық. Біз бұл туралы компанияға хабарладық. Бұл - қалыпты келісімшарттың бірі. Бізде болған бекеттердің саны террористік қауіптің сары деңгейімен бірдей болған еді. Қазір ондай қауіп жоқ. Сондықтан соншалықты көп бекеттерді сақтаудың қажеті жоқ», - деп жауап берді «АлматыЭлектротранс» ЖШС баспасөз қызметі.

Ал «Жан-М» ЖШС басшылары қысқарту туралы түпкілікті шешім әлі қабылданбағанын айтса, жұмыссыз қаламыз деп алаңдаған қызметкерлер «БАҚ өкілдеріне шағымданған соң жағдай аздап оңалды» дейді.

«Қазір бас директор қала әкімінің орынбасарымен келіссөздер жүргізуде. Содан кейін бізге болашақта не істеу керек екені туралы ақпарат беріледі. Ешкімді жұмыстан шығармадық. Бізге «Алматыэлектротранс» ЖШС-дан 7 наурыз күні хабарлама келді. Келісімшарт бойынша мұндай хабарлама алдын ала 30 күн бұрын келуі керек еді. Біз адамдарға қысқарту болатыны туралы ескерттік, бірақ ресми түрде ешкімді жұмыстан шығармадық», - деді «Жан-М» ЖШС күзет қызметінің басшысы Сәкен Смағұлов.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары