«Бізбен ешкім байланысқа шыққан жоқ». «Болашақ» бағдарламасының иелері алаң күйге түсті
Шет елдерде «Болашақ» бағдарламасымен қазақстандық 857 студент білім алып жатыр

12 наурызға қараған түні Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирусты пандемия деп жариялады. Яғни, қандай да бір инфекциялық ауру бүкіл елдің аумағында, көршілес елдердің аумағында, кейде тіпті, әлемнің көптеген елдеріне тараған кезде пандемия жарияланады.
МИНИСТРЛІК ҚАҒАЗБАСТЫЛЫҚҚА ҰРЫНДЫ
Коронавирус қазір әлемнің 118 елінде тіркеліп, одан 4 мыңнан астам азамат көз жұмғаны белгілі. Azattyq Rýhy тілшісі шет елдерге барып келетін азаматтардан басқа, «Болашақ» халықаралық стипендиясы бойынша шет елдерде білім алып жатқан қазақстандық студенттердің жай-күйін біліп көрген еді.
Инфекция өте тез тарап жатқан Еуропаның әр елінде жүрген студенттердің санын біліп, оларға каникул кезінде елге келуге бола ма, олардың қашықтан оқуы қалай реттеледі деген мәселелерді білу үшін «Халықаралық бағдарламалар орталығының» баспасөз қызметіне хабарластық. «Болашақтың» баспасөз қызметі кез келген сұрақ басшылықпен, соның ішінде, Білім және ғылым министрлігіндегі Халықаралық байланыс департаментімен келісілетінін айтып, жедел ақпарат алу үшін Білім министрлігінің баспасөз қызметіне жүгіну жөнінде кеңес берді. Ал Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі шұғыл әрекет ететін қысылтаяң кезеңде ресми сауал сұрады. Ведомствоның баспасөз қызметі мәлім еткендей, жауап 1-3 жұмыс күні ішінде дайын болады екен.
«БОЛАШАҚ» ШЕТЕЛДЕГІ УНИВЕРСИТЕТТЕРДЕН АҚША ТАЛАП ЕТЕ АЛАДЫ
Дегенмен, біз Америка Құрама Штаттарында білім алып жүрген болашақтық студент Алия Әшімге хабарластық. Қазір ол оқу каникулында, дегенмен, олардың оқуы онлайн режимге ауысатыны белгілі болған.
«Бізге негізі, келісімшарт бойынша онлайн оқуға болмайды. Бірақ біз қазір онлайн оқуға ауыстық. Егер қашықтан оқитын болсақ, ол оқудың ақысы әрине, арзанырақ болады. Сәйкесінше, «Болашақ» бағдарламасы америкалық немесе британиялық оқу орындарынан ақшасын талап ете алады, себебі, осында оқып жүрген америкалықтар оқу ақысының жартысын қайтарып алып жатыр. Бұл бір. Екіншіден, каникулда үйге барамыз ба, жоқ па, білмейміз. Өйткені, бізді қайта кіргізбей (АҚШ аумағына - авт.) қоюы мүмкін, тіпті оған 100 пайыз сенімдіміз. Қыркүйекке дейін коронавирус тоқтамаса, АҚШ-қа қайтып кіргізбейді. Бірақ бізбен елден ешкім хабарласқан жоқ, оларға («Болашақ» бағдарламасының өкілдеріне) бәрібір сияқты», - дейді Алия Әшім.
Оның айтуынша, АҚШ-та 1 наурызда коронавирус жұқтырған бірінші адам тіркелген.
«Бүгін, 12 наурыздағы жағдай бойынша 1311 адам ауырып жатыр, 37 адам көз жұмды», - деді ол.
Ал, өз есімін атамауды сұраған Абердин университетінің студенті әзірге Шотландиядағы жағдай тұрақты екенін айтады.
«Дәл қазіргі жағдай бойынша, яғни, 12 наурызда оқуға қатысты ешқандай өзгеріс болған жоқ. Бәрі бақылауда. Құдай сақтасын, егер коронавирус тіркелсе, тез арада қашықтан оқуға ауысамыз. Университетіміз бұл жағдайға дайын. Кеше жаңалықтардан Абердин қаласында Shell компаниясының бір қыметкерінен вирус анықталды деп естідім», - дейді ол.
Бұл елде білім алып жатқан «Болашақ» бағдарламасының түлектеріне «оқу тоқтайды, онлайн режимге ауысады» деген ресми мәлімдеме жасалмаған.
«Болашақ» бағдарламасынан ұсыныс, кеңес айтып, ешкім хабарласқан жоқ. Бірақ осындағы елшілік бәрін бақылауда ұстап отыр», - дейді студент.
«БОЛАШАҚПЕН» 857 СТУДЕНТ БІЛІМ АЛЫП ЖАТЫР
12 наурыз күні таңертең Azattyq Rýhy тілшісімен телефон арқылы сөйлескенде Білім және ғылым министрлігінің баспасөз хатшысы Гаухар Омарбекова да, министрдің кеңесшісі Ерболат Мұхамеджан да бұл мәселе ресми сауалсыз шешілмейтінін айтып, «шұғыл ақпарат» деген журналист сөзіне құлақ аспаған еді. Алайда, Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде Білім министрі қазір әлемнің 18 елінде 857 қазақстандық студенттің «Болашақ» бағдарламасы арқылы білім алып жүргенін хабарлады.
«Қазір әлемнің 18 елінде 857 қазақстандық осы бағдарлама бойынша білім алып жатыр. Шетелдік университеттердің көбі қашықтан оқытуға ауысты. Қазір азаматтарымыздың белгілі бір бөлігі елге оралып жатыр. Бұл жерде нормативтік-құқықтық актілерге өзгертулер енгізу туралы мәселе туып, біз ол мәселені талқыладық. Болжап болмайтын осы жағдайға (коронавирусқа) байланысты ұшақ билетінің ақысын қайтару және стипендия мәселелері талқыланды, Білім және ғылым министрінің өзгертулері бұйрыққа енгізілгеді, сондай-ақ, тиісті қаржы аударылғалы жатыр», - деді Асхат Аймағамбетов.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан