«Қызыл-жасыл жарнамаға алдандық»: Астанада жайлы баспана сатып алғандар үй сапасына шағымданып жатыр
Алайда компания өкілі бәрінің құжатқа сай, уәде етілгендей жасалғанына сенімді
«Тапқан-таянғанымызға үй аламыз деп, ақшамызды босқа құрттық» деген астаналық бір топ тұрғын жаппай шағымданып жатыр. Елорданың төрінен «комфорт плюс» санатындағы пәтер сатып алған астаналықтардың үйдің сапасына көңілі толмайды. Өйткені құрылыс компаниясы әдемі суреттерді көрсетіп, жеме-жемге келгенде, ұсқынсыз пәтердің кілтін ұстатқан. Одан қалды, бұл тұрғын үй кешенін белгілі блогер, қазіргі депутат жарнамалаған екен. Пәтер иелері КТК арнасы арқылы шағымын жеткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жаңа вокзалға барар жолда салынған әдемі үйлерден көз сүрінеді. Солардың бірі – «Байтұрсын» кешені. Сыртқы келбетіне сөз жоқ. Ал біз барғаннан тұрғындар шағымын айтып тауыса алмады. Бір жыл күтіп алған пәтеріне ешкімнің көңілі толмайды. Қалай жамасақ та, жыртығы бітер емес деп ашулы. Компания жарнамалаған буклеттегі үй мен тұрғындарға берген үйдің айырмашылығы жер мен көктей.
Салымшылардың шағымы шаш-етектен. «Экономға» жоламай, бизнес санатқа жақын пәтер алғысы келгеннің бәрі таңдаудан қателескенін кейін біліп жатыр. Көпқабатты үйдегі лифтінің жыры бір бөлек. Ішінде адам қалып қояды, ашылмай қалады, үйге жиһазды баспалдақпен көтеруге мәжбүр. Өйткені тым кішкентай, стандартқа сай келмейді. Ал баспалдақтың өзі үрей тудырады.
Тұрғындар үйдің құрылысына риза емеспіз деп қаншама рет айтып, көрсетсе де, ештеңе өзгерген жоқ деп өкпелі. Алайда компания өкілі бәрінің құжатқа сай, уәде етілгендей жасалғанына сенімді. «Арыз да аз» - дейді.
«Уәде берілген қабырғаны, төбені түзедік. Мемлекеттік сараптамада көрсетілген барлық пункт орындалды. Қазір тұрғындарға подьезд ішін дұрыстауға кірістік деп чат арқылы хабар бердік. Өйткені осыған дейін пәтер ішіндегі құрылыстың біткенін күттік. Тамызға дейін жұмыс жүреді. Үй өз санатына сәйкес», - дейді «GBG» компаниясының жоба менеджері Сағынай Жиенбеков.
Бізге шағымын айтып тауыса алмаған жұрттың бәрі «жарнамаға сендік» деп қапалы. Мұндағының көбі блогер Дәулеттеннің оқырманы екен. Ол қазіргі Мәжіліс депутаты – Дәулет Мұқаев.Тұрғындар депутатқа да шағымданған екен. Бірақ оқырманы көп блогер тіл қатпапты. Бізге үйдің сапасы көңілінен шығатын айтты.
«Астанада болмаса Алматыда үйлерді сол санатпен салыстыратын болсаңыздар, «Байтұрсынның» деңгейі одан әлдеқайда жоғары. Кейбір оқырмандарым, менің сыныптастарым да тұрып жатыр, мен айтқаннан кейін. Ол жерде менің туысқандарым да бар. Шағым түспей тұрып та сонда бардым. Мен оны елге айтып жүргеннен кейін, өзімнің оқырмандарым ала бастады. Менің командамдағы жігіттерім де алды, ешқайсысы шағым айтпады», - дейді Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев.
«Бәріне жаға бермейсің» дейді Дәулеттен. Сұрағына бола жақпай жүрген жұрт қолына көп түсе бермейтін компания өкілдеріне біз кеткенде әлі шағым айтып тұрды. Себебі: бәрі төлеген ақшасына сай қызмет көрсетілуін қалайды. Ал бүгін депутаттар әр нәрсені жарнамалап, жауапкершілік алмайтын блогерлерге шектеу қояйық деп ұсынды. Әйтпесе «біз де алдандық» деп бәрі жалтарып кетеді. Олардың артында қаншама оқырманы бар. Үй алудың ең тиімді жолын көрсететін блогер Астанада соғылып жатқан тағы бір кешенді жарнамалауда. Оны да «Байтұрсынды» салған компания тұрғызып жатыр. Салымшылардың тағы қызыл-жасыл жарнамаға сеніп қалмасына кім кепіл?