$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Жастар тәрбиесіне қатысты дабыл қаққан депутат Әлтаев бірнеше бастама ұсынды

Ол бірқатар бастаманы қолға алу керек екенін айтты

 

Жастар тәрбиесіне қатысты дабыл қаққан депутат Әлтаев бірнеше бастама ұсынды
Фото ашық дереккөзден

Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтаев Мәжілістің жалпы отырысында жолдаған депутаттық сауалында жастардың тәрбиесі туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

«Тәрбиесіз ұрпақтың Отанға да, ата-анаға да, қоғамға да опа әпермейтіні ақиқат. Ұрпағына дұрыс тәрбие бере алмаған халық тамырына құрт түскен ағаш секілді. Тамыры бүлінген ағаш шіриді, ұрпағы бүлінген халық іриді. Қыз тәрбие көрмесе арсыздыққа, ұл тәрбие көрмесе бассыздыққа бой алдырады. Дер кезінде шара қолданып, кеселдің алдын алмасақ, халық тағдырын тығырыққа тірейтін азғындаудың келеңсіз көріністері күн санап көбейе берері сөзсіз. Жасөспірімдер арасында жантүршігерлік тосын оқиғалардың соңғы уақытта тым жиілеп кеткені мектептерде, отбасында, бүгінгі қоғамда бала тәрбиесі мәселесі ақсап тұрғанын көрсетеді», - деді Әлтаев.

Депутат Түркістандағы мектеп оқушысының өзекті өртер өкінішті өлімі, Қазалыдағы қатты соққылардан комаға түскен баланы айуандықпен жабылып тепкілеп жатқан жасөспірімдердің азғындық әрекеті, Өскемендегі топ құрып алып өрімдей  қызды шешіндіріп, аяусыз сабап жатқан тәрбиесіз қыздардың жиіркенішті әрекеттері – бүгінгі дабыл қағудың негізгі себебі екенін айтты.

«Осы оқиғалар болған жердегі жауапты органдардың шындықты жасырып қалуға ұмтылуы халықтың наразылығын туғызып, көңілге үрей ұялатып отыр. Әлеуметтік желілерде ел дүрлігіп, жаңғырығы жалпақ жұртқа жайылғанда ғана ресми органдар тарапынан осы оқиғалардың ақиқаты айтыла бастады. Ал осы іспеттес оқиғалардың қаншасы «жабулы қазан» күйінде қалып жатқаны бізге беймәлім. Оның түрлі себебі бар. Мысалы: наурыздың басында Өскемен қаласында болған оқиға бойынша колледж студенті Әнел қызымызды аяусыз соққыға жыққан мектеп оқушысы Қарақаттың анасы білім басқармасында жұмыс істегені анықталып отыр. Өзге өңірлердегі оқиғалар бойынша да істің әділ тергеліп, қатаң шара қолдануына кедергі болған осыған ұқсас мысалдар келтіруге болады», - деді ол.

Тақырыпқа орай: Түркістан облысында мектеп оқушысы өзінен бір жас кіші баланы зорлаған

Депутат ел болашағы тәрбиелі ұрпақ екенін айтты.

«Ұрпақ тәрбиесінде жіберген қателіктердің түп-тамыры тереңде. Нақтырақ айтасам, өз баласының тәрбиесіне тікелей жауапты ата-анада, ұрпақ тәрбиесімен айналысатын балбақшалар мен мектептерде, коледждер мен жоғарғы оқу орындарында, жасөспірімдер тәртібін бақылауға алуға тиісті құзырлы органдарда,қоғамдық әлеуметтік ортада және осылардың бәрін өнегелі тәрбие беру ісіне жұмылдырып отыруға тиіс мемлекеттік билікте жатыр», - деді Әлтаев.

Елімізде ізгілікті, қайырым, мейірім, қамқорлықты ұлық тұтатын әлеуметтік орта қалыптасуы қажет.

Тақырыпқа орай: Қызылордада мектептердің бірінде оқушылар төбелесіп, біреуі пышақ жарақатын алды

Депутат бірқатар бастама ұсынды:

  • Мейірімділікке, мемлекетшілдікке, ұлттық тәлім-тәрбиеге негізделген ұлттық идиология қалыптасуы тиіс.
  • Қазақстан Республикасы Үкіметі «AMANAT» партиясы сайлауалды бағдарламасындағы «Ұлттық тәрбие – ұлт болашағы» концепциясын тез арада талқылап, қабылдауы керек.
  • Жалған қорытындылармен ахуалды ушықтырмай, кең көлемді әлеуметтік зерттеулер жүргізіп, балабақшадан бастап, ЖОО-ға дейінгі тәрбие жұмыстарының қаншалықты тиімді екені, қоғамдық-әлеуметтік ортаның қазіргі жағдайы және оның ұрпақ тәрбиесіне қалай әсер етіп жатқаны, отбасындағы тәрбие мәселелері жан-жақты, әрі шын бағалануы қажет.
  • Осы әлеуметтік зерттеулердің нәтижесіне сүйене отырып, Ішкі істер министрлігінің ұрпақ тәрбиесіне байланысты жоспарларына тиімді өзгерістер енгізуі тиіс. Кәмелеттік жасқа толмағандардың істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторларының қызметін ұйымдастыру қағидаларын қайта қарау маңызды.
  • Бұзақылық оқиғалары бойынша кінәлі қылмыскерлерге, салғырт қараған полиция өкілдеріне, көз жұма қарап, кемшіліктерге жол берген білім бөлімі мен мектеп басшыларына, тәрбиесіз баланың әрекетіне жауапты ата-аналарына тиісті шара қолдануын, қатаң жазалауын  талап етемін.
  • Оқу-ағарту министрлігі мектептерде мұғалімдер оқушыларға тек академиялық білім беріп қана қоймай, балаларға берген тәрбиесін де таразылау механизмдерін енгізген жөн. Әлеуметтік педагог, сынып жетекшісі қызметін ұйымдастыру қағидаларын қайта қарауы тиіс.
  • Мәдениет және спорт министрлігі Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен бірлесе жұмыс істеуді қолға алғаны маңызды. Телеарналарда балар мен жастардың санасына теріс әсер ететін, рухани-тәрбиелік маңызы жоқ хабарлардың эфирге шығуына жол берілмесін. Есесіне танымдық, тағылымдық мағынасы бар сапалы хабарларға мән берілсін. Кинозалдарда жасөспірімдердің санасына теріс әсер ететін кино өнімдерін көруге тиым салу қажет.
  • Ата-аналар балаларын Tik-Тok-тың жетегіне жібермей, бала тәрбиесіне ерекше мән беруі тиіс.
Серіктес жаңалықтары