«Теміржолда жол-көлік апаттары жиі болады»: Тұрлыханов айналма жолдар мәселесін көтерді
Ол пойыздардың жолдарда ұзақ уақытқа тоқтап, тұрғындардың жайлылығына әсер ететінін айтты
Теміржолда көлік апаттары жиі болады. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыханов депутаттық сауалында айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
«Сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарымен жүргенімізде Астана қаласының көп жерлерін араладық, шешілуі қажет проблемаларды көрдік. Солардың бірі - «Өндіріс» тұрғын алабы тұрғындарының көп жыл бойы теміржол өткелінде көлік құралдарының кептелісте тұру проблемалары. Маневрлік жұмыстың үлкен көлеміне, жүк және жолаушылар пойыздарының қозғалысына байланысты станцияның жұп сан жағы паркінде (локомотив депосынан Өндіріс тұрғын алабына дейін) пойыздар құрамдары (состав поездов) кейде жолдарда тоқтап, ұзақ уақыт тұратын кездер болады», - деді ол.
Тұрлыханов атағандай, жергілікті тұрғындар балабақшаға баратын балалар, мектепке баратын оқушылар, студенттер, жұмысқа асыққан азаматтар, тіпті қариялар жыл бойында, аязды-боранды, аптап ыстықта, денсаулығы мен өміріне қауіп төндіріп, вагондардың астынан өтуге мәжбүр болады.
«Сонымен қатар, өкінішке қарай, теміржолда көлік апаттары жиі болады. Айналма жолдың болмауы жедел қызметтердің жұмысын қиындатады. Өрт сөндіру, жедел жәрдем, полиция қызметкерлері келіп жеткенше, ауру науқас жан тапсырып, өртенгені өртеніп, жанғаны жанып, сол жердегі тұрғындарға зияны тиіп жататын кездер де жоқ емес. Қала билігі бұл мәселені бірнеше жылдар бойы шешуге уәде бергенімен, әзірге өзгеріс жоқ (баяғы жартас сол жартас)», - деді Дәулет Тұрлыханов.
Депутаттың айтуынша, Астана қаласы әкімдігінің мәліметінше, қазіргі уақытта Конституция көшесінен Угольная көшесіне дейінгі шағын айналма жолдың 4 учаскесін салу бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.
«Осы жоба аясында Угольная көшесі мен Ш.Бейсеков көшесінің қиылысында көлік айрығын, Ақжол көшесінен Конституция көшесіне дейін Ш. Бейсеков көшесі бойынша теміржол арқылы өтетін жол өтпесін, Ш. Бейсеков көшесі мен Конституция көшесінің қиылысында көлік айрығын салу көзделген. Алайда бұл жобаны қаржыландыру (бөлінген және жер учаскесі толық босатылған жағдайда) 2023 жылдан кейін іске асыру жоспарланып отыр», - деді ол.