Қайрат Боранбаевқа сот үкімі шықты
Сот отырысы Астана қаласында өтті
Қайрат Боранбаевты сот 8 жылға бас бостандығынан айырды. Онымен қоса, кәсіпкердің мүлкі тәркіленеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Боранбаев Қайрат, Наханов Роман ҚР Қылмыстық кодексінің 28-бабында, 5-бөлігінде, 189-бөлігінде, 4-бөлігінде, 2-тармағында, 218-бөлігінде, 3-тармағында, 3-тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін кінәлі деп танылсын және ҚР ҚК 28-бабы, 5-бөлігі, 189-бөлігі, 4-бөлігі, 2-тармағы бойынша жаза тағайындалсын. 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түрінде мүлкі тәркіленіп, өмір бойы мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан айырылсын. ҚР ҚК 218-бабы, 3-бөлігі, 3-тармағы бойынша мүлкі тәркіленіп, 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылсын. ҚР ҚК-нің 58-бабының 3-бөлігі негізінде қатаңдықты сақтау арқылы Боранбаевқа, Нахановқа мүлкі тәркіленіп, 8 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалсын, өмір бойы мемлекеттік қызметте, судьяда, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, ҚР Ұлттық банкінде, оның ведомстволарында, Қаржы нарығын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органда, қаржы ұйымдарында, мемлекеттік ұйымдарда квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қызмет атқару құқығынан айырылсын.
ҚР ҚК 48-бабының, 5-бөлігінің, 2-тармағының негізінде бас бостандығынан айыруды өтеу Боранбаевқа, Нахановқа, Жанұзақовқа орташа қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесінің мекемесі тағайындалсын. Үкім заңды күшіне енгенге дейін Боранбаевты, Нахановты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын сол күйінде қалдыру керек. Жанұзақовқа үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қамауда ұстауға өзгертілсін, дереу сот залында қамауға алынсын. Боранбаевқа, Жанұзақовқа, Нахановқа жазасын өтеу мерзімінің басталуы үкім заңды күшіне енген күннен бастап есептелсін. ҚР ҚК-нің 62-бабына, 3-бөлігіне, 2-тармағына сәйкес Боранбаевты, Нахановты қамауда ұстау уақыты 2022 жылғы 15 наурызда үкім заңды күшіне енгенге дейін орташа қауіпсіздік мекемесінде бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеген 1,5 күн үшін 1 күн есебінен жазаны өтеу мерзімі есепке алынсын», - деп үкімді судья Назгүл Бапакова оқыды.
Сондай-ақ, сот ҚР ҚК 49-бабының 2-бөлігіне сәйкес Қайрат Боранбаевты мемлекеттік наградалардан - III дәрежелі «Құрмет», «Еңбек үшін», «Парасат» және «Барыс» ордендерінен айыру туралы ел Президентіне ұсыныс енгізуді қойды.
«QazaqGaz» Ұлттық компаниясы» АҚ жәбірленушісі Боранбаевқа, Нахановқа 14 млрд 565 млн 318 мың теңге сомасында материалдық залалды өндіріп алу туралы азаматтық талап қараусыз қалдырылсын. Жәбірленушілерге өтемақы қорына Жанұзақовтан 53 мың 20 теңге, Боранбаевтан – 61 мың 260 теңге, Нахановтан – 55 мың 560 теңге сомасында өндіріп алынсын. Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының қаулысымен 2022 жылғы 30 қыркүйекте үкім заңды күшіне енгеннен кейін Жанұзақовтың Астанадағы пәтер түріндегі мүлкіне тыйым салу жойылсын. 2022 жылы 18, 20, 29 наурызда, 21, 24,26 сәуірде, 6 мамырда, 28 шілдеде, 30 қыркүйекте енгізілген Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының қаулыларымен қамауға алынсын. Боранбаевтың мүлкі мемлекет кірісіне тәркіленсін: Алматыдағы Әл-Фараби көшесіндегі үй-жайы мен жер учаскесі, «Қазақстан Халық банкі» АҚ шотында 1 млрд 270 млн теңге сомасындағы қаражаты. Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының 2022 жылғы 18 наурыздағы қаулысымен Боранбаевтың мүлкіне – Астанадағы пәтерге, үкімнен кейін жер учаскесі бар Алматыдағы жеке үйге тыйым салу заңды күшіне енсін», - деді судья.
Бұған дейін Қайрат Боранбаевтың ісі бойынша өткен сотта прокурор айыпталушының мүлкін тәркілеп, сегіз жылға бас бостандығынан айыруды сұраған болатын.
Еске салайық, айыптаушы тарап Қ.Боранбаевты газды қайта сату кезінде 14,5 миллиард теңге жымқырды деп айыптады.
Алайда кәсіпкер тергеушілердің кәдімгі коммерциялық мәмілені қылмыс деп санағанын, енді ұлттық компанияға материалдық шығын келтірді деген айып тағылып отырғанын айтты.
Сотқа сонымен қатар, аталған іске қатысы бар деген айыппен Роман Наханов пен «Qazaq Gaz» АҚ басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары Тайыр Жанұзақ та тартылды. Олар үшін де прокурор сегіз жылға бас бостандығынан айыру жазасын сұрады.
Үшеуі де кінәсін мойындаған жоқ.
Ал бүгін өткен сотта соңғы сөзін айтқан Боранбаев «Бәлкім, мен қателескен шығармын. Сондықтан егер Qazaq Gaz атынан мемлекетке бұл транзакция шынымен зиян келтірді деп есептелсе, онда мен тергеу барысында алған кірісімді қайтаруға дайынмын. Бүгінде ешқандай шығын жоқ, ол толық өтелді» деді.