Еңбек құқығын қорғау: тәуекелдер, жалақы, қауіпсіздік
Ахуалды мониторинг орталығында 112 кәсіпорын есепте тұр
Жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау мәселесі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің құзырында.Еңбек министрлігі жанынан ел кәсіпорындарында еңбек тәуекелдерінің күнделікті мониторингін жүзеге асыру үшін Ахуалдық орталық жұмыс істейді. Қазіргі уақытта Ахуалдық орталық мониторингінде 112 кәсіпорын тұр. Ахуалдық орталықтың мониторингіне жұмыскерлерді босатуға жол берген, жалақы бойынша берешегі бар кәсіпорындар, сондай-ақ жұмыскерлерден еңбек қатынастары мәселелері бойынша ұжымдық шағымдар түскен кәсіпорындар енгізілген, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы Төлеген Оспанқұлов атағандай, жалақы бойынша берешектерге апта сайын мониторинг жүргізіледі.
«Биылғы 24 наурызда республика бойынша 73 кәсіпорында 3009 жұмыскердің алдында 1,4 млрд теңге сомасында жалақы бойынша берешек бар, оның ішінде мерзімі өткен - 31 кәсіпорында 652,4 млн теңге берешек. 42 банкрот және оңалту сатысындағы кәсіпорындарда-669 жұмыскер алдында 728,1 млн теңге.Жұмыскерлер алдындағы ең көп берешек Маңғыстау облысында – 242 млн. теңге, Алматы қаласында – 235 млн теңге және Абай облысында – 140 млн теңге», - деді ол.
Биылдың басынан бастап мемлекеттік еңбек инспекторлары республиканың 241 кәсіпорнында 1,9 млрд теңгеден астам сомаға берешек анықтаған.
«Осы кәсіпорындардың басшыларына 241 ұйғарым беріліп, 31,6 млн теңге сомасында әкімшілік айыппұл салынды.Қабылданған шаралардың нәтижесінде 1,3 млрд теңгеден астам берешегі төленген 8,1 мыңнан астам жұмыскердің құқықтары қорғалды.Банкроттық кәсіпорындар бойынша берешекті өтеу жөніндегі шараларды Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің конкурстық басқарушылары қабылдайды.Жұмыскерлердің алдында жалақы бойынша берешекті болдырмау мақсатында мынадай шаралар қабылданады. Жылдың басынан бастап жергілікті атқарушы органдар Әлеуметтік әріптестік жөніндегі үшжақты комиссияның 13 облыстық және 78 қалалық (аудандық) отырыстарын өткізді, онда 30-дан астам проблемалық кәсіпорындардың, оның ішінде жалақы бойынша берешегі бар және жергілікті мониторингтік топтардың мониторингіндегі кәсіпорындардың басшылары тыңдалды», - деді Оспанқұлов.
Азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау, жалақы бойынша берешекті өндіріп алу және ақпарат алмасу мақсатында жұмыс Бас Прокурордың, еңбек, қаржы және әділет министрлерінің бекіткен төртжақты бірлескен бұйрығы аясында жүргізілген.
«Министрліктің бастамасы бойынша жалақы бойынша берешекті өтеу жөніндегі жұмыстың тиімділігін арттыру мақсатында мемлекеттік еңбек инспекторының жұмыс берушінің жалақы бойынша берешекті төлеуі туралы нұсқамасы атқарушылық құжаттың міндетті күші бар құжаттарға жатқызылған. Нұсқаманы орындау мерзімі өткеннен кейін ол мәжбүрлеп орындау үшін жеке сот орындаушыларына беріледі.Жоғарыда аталған шара жалақы бойынша берешек болған жағдайда неғұрлым пәрменді шаралар қабылдауға мүмкіндік берді. Осылайша, сот орындаушылары борышкердің шоттары мен мүлкіне тыйым салады және оның шетелге шығуын шектейді.2022 жылы оларға 47 іс, ал биыл 14 іс берілді», - деді ол.
Оспанқұлов атағандай, жергілікті атқарушы органдар жұмыскерлердің жалақысын арттыру бойынша жұмыс берушілермен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отыр.
«Нәтижесінде өткен жылы 2,5 мың жұмыс беруші 5-тен 50%-ға дейінгі бөліністе 2 млн. астам жұмыскердің жалақысын көтерді. Биылдың басынан бері 1,7 мың жұмыс беруші 1 млн. астам жұмыскердің жалақысын орта есеппен 12% - ға көтерді.Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда.Еңбек кодексіне сәйкес жұмыс беруші жұмыскерлерге тең еңбек үшін тең ақы төлеуді, сондай-ақ қандай да бір кемсітусіз тең өндірістік-тұрмыстық жағдайларды қамтамасыз етуге міндетті.Облыс прокурорлары мемлекеттік еңбек инспекторларымен бірлесіп 2022 жылы шетелдік жұмыс күшін тартатын 30 адамнан астам жұмыскері бар 64 кәсіпорынға тексеру жүргізді», - деді ол.
Бүгінгі таңда бар мәселелерді ескере отырып, министрлік алдына зиянды еңбек жағдайлары бар жұмыс орындарын айтарлықтай қысқарту және өндірістік жарақаттану деңгейін төмендету міндетін қойып отыр.
«Осы мақсатта 2025 жылға дейін қауіпсіз еңбекті қамтамасыз ету жөніндегі іс-қимыл жоспары іске асырылады, оған сәйкес жұмыс жүргізіледі:өндірістік жарақаттанудың алдын алу тетіктерін жетілдіру, өндірістегі жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру тетігін жетілдіру, зиянды еңбек жағдайлары бар жұмыстарда жұмыс істейтін қызметкерлерге кепілдіктер берудің тәуекелге бағдарланған тетігін енгізу», - деді ол.
Еңбекті қорғау саласындағы ағымдағы ахуалды талдау және қауіпсіздік талаптарын бұзу нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасында 2030 жылға дейін Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын әзірлеу туралы шешім қабылданған.
Сенат депутаттары Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің кеңейтілген отырысында Қазақстан Республикасының еңбек дауларын реттеу және келіссөз процесін ұйымдастыру мәселелері жөніндегі заңнаманы жетілдіруге қатысты заңды талқылады.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне еңбек даулары мен жанжалдарын шешу тәртібін оңайлату мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң келіссөздерді ұйымдастыруды жеңілдету, келісу комиссиялары институтын, еңбек арбитражын және еңбек дауларын шешудегі кәсіптік одақтардың рөлін күшейту мақсатында әзірленген болатын.
Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне және Қазақстан Республикасының «Кәсіптік одақтар туралы» заңына енгізілетін түзетулер қызметкерлерге еңбек арбитражына ұжымдық еңбек дауын қарау кезеңінде бір сағаттық ескерту ереуілін өткізу құқығын беруге, сондай-ақ ұжымдық еңбек дауларын шешудегі кәсіптік одақтардың рөлін күшейтуге көмектесетін болады.
Комитеттің кеңейтілген отырысының қорытындысы бойынша заңды Палатаның қарауына жіберу туралы шешім қабылданды.
Ал Мемлекет басшысы қаңтарда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне еңбек даулары мен жанжалдарын шешу тәртібін оңайлату мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойған болатын.
Марья Айдарбаева