Кәсіптік бағдарлау: мамандық таңдаудың машақатын қалай шешуге болады
Қазір профориентологтар мектептерде де жұмыс істейді
Кәсіптік бағдарлау бұрыннан бар сала. Бірақ біздің елімізде енді-енді қанат жайып, дамып келе жатыр. Қазіргі таңда бұл саланы мемлекеттік деңгейде қолдап жатқандықтан белең алуда. Биылдан бастап әр мектепте профориентолог маман жұмыс істеу керек деген талап енгізіліп жатыр. Осы мәселелерді ашып білу үшін біз профориентолог Жұлдыз Тойбаймен әңгімелескен едік, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы Жолдауында «Балаларды ерте жастан мамандыққа бейімдеу айрықша маңызға ие болып отыр. Өскелең ұрпақ өзінің болашақ кәсібін саналы түрде таңдай білуге тиіс» деп айтқан болатын. Осыған орай, қазіргі уақытта кәсіптік бағдар беру және диагностика жүйесін дамыту тұжырымдамасының жобасы әзірленіп, еліміздегі мектептердің бірқатарына «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» курсы енгізілген. Қазіргі уақытта мектеп оқушыларына кәсіптік бағдар жұмысын үйлестіру үшін тәжірибе ретінде қалаларда, аудандарда кәсіптік бағдар беру орталықтарын құру қайта қолға алынып отыр.
Қазіргі заманымызға байланысты оқушыларға білім беру, сонымен қатар олардың кәсіптік бағдарын айқындау қажетті болып отыр. Себебі оқушы мектептен кейін өзі таңдаған мамандық бойынша оқу орнына түскісі келеді. Осындай жағдайда олар қаншама мамандық ішінен өзіне керегін таңдай алмай адасады. Сол себептен де оқушылардың мамандық таңдауында оларға бірден бір көмекші оның сынып жетекшісі, пән мұғалімдері, ата-аналары болмақ. Ал енді сол кәсіптік бағдар жұмыстарын жүргізуде қандай жағдайларды ескеру керек?
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңының 3 бабында білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың тұжырымдамаларының негізгі принциптерінде «Оқушыларды кәсіптік бағдарлау» принциптері қамтылған.
Жалпы бұл жұмысты кім атқарады? Кәсіптік бағдарлау қалай жүзеге асырылмақ? Маман атағандай, әлеуметтік желі жақсы дамығандықтан бұл сала бойынша халық кеңінен ақпарат алып келе жатыр.
«Менің бұл салаға келгеніме 10 жылдан асты. Бакалавр, магистратура және докторантура саласын біліп оқып, шетелде білім алдым, кейін жоғары оқу орнында ұстаздық еттім. Осы ұстаздық кезеңде байқағаным, бакалавр емес, тіпті магистратурада оқып жатқан ғылым саласына түскен студенттердің өзін ол мамандыққа не үшін түскенін білмейді. Қазақстанның біліміне, ғылымына қандай үлес қосатынын білмейтін талапкердің көп екенін байқадым. Сол уақыттан бастап мамандық таңдауда жаңылысқан адамдарға көмектесуді қолға ала бастадым», - дейді Жұлдыз Тойбай.
Профориентолог – мамандық таңдауға жәрдемдесетін кәсіби маман.
«Профориентатор деп те атайды. Мамандық таңдауға көмектеседі. Профолриентологқа мектеп бітіріп жатқан балалар, мектепте оқып жатқан оқушылар, оқуды бітіріп кеткен ересектер де жүгіне алады. Профориентологтің кәсіби біліктілігіне байланысты болады. Кейбіреуі тек жасөспірімдермен жұмыс істейді. Кейде ересектермен де жұмыс істей беретін профориентологтар болады. Негізі мамандық иелеріне кез келген жастағы адамдар жүгіне алады. Кәсіби бағдарлаушының қызметіне адамға табыс табатын, саласын таңдауға көмектеседі. Яғни, таңдап бермейді, тек жәрдемдеседі. Себебі кез келген адамның мықты қасиеттері бар. Сол қабілеттерге сай келетін мамандықтар тізбегін ұсынады. Оның психологиялық портретін анықтайды, темпераментін анықтайды. Қай сала алда қарқынды дамиды, қай саладан қанша табыс табуға болатынын айтады. Белгілі бір мамандық қайда оқытылады. Ол мамандықты оқыса, кім болып шығады. Оның мәртебесі мен табысы қанша болатынын болжайды», - дейді маман.
Оның айтуынша, қазіргі таңда кәсіби бағдарлаушының қызметіне мектепте оқып жүрген оқушылар жүгінеді.
«Себебі жылда елімізде ҰБТ өтеді. Осы сынақтың алдында немесе ол өткеннен кейін мамандық таңдауға тырысып жатады. Ал негізі баланы 7-сыныптан бастап мамандық таңдауға бейімдеу керек. Біздің елімізде 6-сыныптан бастап арнайы мамандандырылған мектептер бар. Олар спорт, өнер, гуманитарлық, жаратылыстану бағытында оқытатын мектептер бар. Олар болашақта белгілі бір салаға бейімдейді. Сондықтан баланың қабілетін 6-сыныптан бастап байқап, анықтап, оған сай келетін мектептерде оқыту керек. Барлық бала ол мектептерге сыймайды ғой. Орта мекепте оқитын балаларға қай салаға бейімділігі басым екенін анықтап, сол сабақтарға басымдылық беріп, мықты қабілеттерін дамытып, қай мамандыққа бейімі бар екенін анықтаса, әрбір бала қандай мамандық таңдарын білмей, грантқа түсіп, оны оқымай, келесі жылы тастап кетіп, дипломы шаң басып жататын жағдайлар болмайды», - дейді ол.
Жадыра Тойбай атағандай, қазіргі таңда статистика бойынша елімізде жоғары оқу оргнын бітірген адамдардың 70 пайызға жуығы мамандық бойынша жұмыс істемейді.
«Бұл - адамның кеткен уақыты, сол салаға келген зақым. Себебі олар мамандық бойынша жұмыс істемесе, мамандандырылған кәсіби маман аз болуы мүмкін. Сондықтан қазіргі таңда профориентологтің қызметіне жүгініп, кеңес алу өте маңызды. Қоғамда оны насихаттау да қарқынды бола түсіп отыр», - дейді ол.
Халық табысын арттыру жөніндегі 2025 жылға дейінгі бағдарлама аясында Еңбек министрлігі жаңа жұмыс орындарын құру, халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, еңбек ресурстарының дағдыларын жетілдіру және жастарды кәсіптік бағдарлау бойынша 3 негізгі бағытта жұмыстар жүргізетіні белгілі болған.
Мектепте қызмет ететін педагог-психолог Райгүл Жеңісқызы мамандық таңдау кезеңінде ата-ананың да қолдауы маңызды екенін айтады.
«Жеткіншек кезеңде барлығы өзгереді. Қарым-қатынастардың қайта құрылуына ересектік модель пайда болады. Осы жеткіншектік шақтағы балаларға қолдау көрсету өте маңызды. Олар ақпарат ағынына еріп, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін білмей жатады. Оларға талап та күшеюі мүмкін. Бұрын үй шаруасына көмектеспей жүрген балаға қазір есейгеніне қатысты талаптар қойыла бастауы мүмкін. «Болашақта мамандық таңдауың керек» деген сынды таңдау да ересектер тарапынан сұрала бастайды. Мұндай кездері олар өздерін шарасыз сезінуі мүмкін. Сондықтан оларға бұл қалыпты жағдай екенін айтып, ағартушылық ақпаратты ұсыну арқылы қолдау көрсету керек», - дейді Райгүл Жеңісқызы.
Марья Айдарбаева