$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
31.03.2023, 16:12
Қоғам

Қазақстанда баласы бар отбасыларды ажырастыру ережелері өзгермек: сарапшылар не дейді

Былтыр 17,7 мың отбасы ажырасқан

Қазақстанда баласы бар отбасыларды ажырастыру ережелері өзгермек: сарапшылар не дейді

Сенат депутаттары бастамашы болып, Қазақстанда кейбір заңнамалық актілерге іс жүргізу заңнамасын жетілдіру және сот жүйесін реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Бұл заң жобасының маңызды әрі басты жаңалығының бірі – кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі соттар қарайтын істердің аясын кеңейту. Атап айтсақ, осы өзгерістер арқылы кәмелет жасына толмаған баласы бар отбасылар ажырасамын десе олардың некесін бұзу және мүлікті бөлу туралы азаматтық істерді кәмелет жасына толмағандар ісі және отбасылық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттардың құзіретіне беру көзделген.

ҚАЗАҚСТАНДА ЖЫЛЫНА НЕШЕ ОТБАСЫ АЖЫРАСАДЫ?

Бұл маңызды өзгеріс балалы отбасылардың назарын аударды. Жалпы, Ұлттық статистика бюросының ұсынған мәліметіне сүйенсек, 2022 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында Қазақстанда 128 мыңнан астам отбасы бас құраған. Ажырасу статистикасына тоқталсақ, былтыр 17,7 мың отбасы ажырасқан. 2021 жылмен салыстырғанда ажырасу деңгейі 11,9 пайызға азайған. Ажырасу деңгейі бойынша Қазақстанда Алматы, Астана қалалары және Қарағанды облысы көш бастап тұр.

БАЛАЛЫ ОТБАСЫЛАРДЫҢ ІСІН КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАНДАРДЫҢ ІСІ ЖӨНІНДЕГІ СОТТЫҢ ҚАРАҒАНЫ ДҰРЫС ПА?

Бұл заң жобасы Сенат қабырғасында әлі талқыланып жатыр. Қазақстан отбасы құндылықтарын сақтап, оны азаматтардың бойына сіңіруді басты мақсаты етіп анықтаған соң біздің қоғамның да ажырасудың алдын алу, ажырасу процестері мен оның салдарынан сырт айналып өте алмайтыны анық. Осы ретте біз отбасылық психолог Шолпан Әбіловадан сұхбат ала отырып, ажырасу ісінің кәмелет жасына толмағандар жөніндегі соттардың қарауы дұрыс па, оның қандай пайдасы бар және ата-анасы ажырасуға бел байлаған, ажырасып кеткен балалардың психологиясын қалай сақтап қалуға болады деген мәселелер жөнінде сұрақ қойдық. Шолпан Әбілованың пікірінше, баласы бар отбасылардың ажырасу ісін қазіргідей кез келген сот емес, кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі соттардың қарағаны жөн болар еді. Өйткені, қазір ажырасу процестері кезінде көбіне алимент, мүлікті бөлу сияқты материалдық мәселелерге басымдық беріледі де баланың жан дүниесін түсіну, зерттеу мәселелері назардан тыс қалып жатады дейді маман. 

«Бұл бастама өте дұрыс деп ойлаймын. Өйткені, ажырасу процесі кезінде ең алдымен баланың жанын түсінуге барынша тырысу керек. Жалпы, ажырасу кезінде баланың психологиясына тиетін кері әсерлердің алдын алу үшін де, болашағы үшін де өз саласының маманы жұмыс істегені дұрыс. Ажырасу процесі кезінде балалар психологы, әлеуметтік педагогтар да іске тартылуы керек. Өйткені, ата-анасы ажырасып жатқан балаларды тек осы тәсіл арқылы ғана қорғай аламыз», - дейді ол.

Яғни, өзара мәселесін шеше алмай жатқан ата-ана көп жағдайда қатты эмоцияға беріледі, яки, ажырасудың баласына тигізетін салдарын салқынқандылықпен байымдай алмайды дейді ол.

«Ажырасу процесі кезінде ата-ана көбіне теріс эмоцияға беріледі. Ондай жағдайдың көбінде баланың жан дүниесінде не болып жатқаны тіпті ескерілмейді де. Өйткені, баланың жан дүниесі тұрмақ, ажырасуға барған ата-аналар кейде өз жан дүниесін түсіне алмайды емес пе!? Сондықтан, ажырасу ісін кәмелет жасына толмағандардың ісін қарайтын соттардың қарағаны дұрыс деп ойлаймын», - дейді ол.

АЖЫРАСУ БАЛА ПСИХОЛОГИЯСЫНА ҚАЛАЙ ӘСЕР ЕТЕДІ?

Психологтың айтуынша, ажырасу кезінде бала психологиясына әсер ететін кез келген фактор тікелей ата-ананың қарым-қатынасына байланысты болады. Ажырасып жатқан бір отбасыдағы бала үшін бұл үлкендердің қабылдап жатқан саналы шешімі болып көрінсе, екінші отбасындағы жағдай баланың болашағына балта шабатын трагедияға айналуы мүмкін.

«Көп нәрсе сол отбасының өмір сүру стиліне байланысты болады. Егер ата-ана «бір-бірімізге сәйкес келмейміз, ары қарай тұра алмаймыз, арамызда сезім жоқ, сондықтан, ең алдымен баланың жағдайын талқылайық» деп,  екі үлкен адам ретінде ойланса және эгоизмге берілмесе,  баламен қарым-қатынасты түзеу арқылы, балаға дұрыс түсіндіру арқылы ажырасудың бала санасына тигізетін кері әсерінің алдын алып жатса, процес бала психологиясына қатты бір  жағымсыз әсерін тигізе қоймайы. Әрине, бала іштей қынжылуы мүмкін, бірақ, ата-ананың екеуі де баланы жақсы көретіндерін білдіріп, назарларын «менікі дұрыс» деген екеуара эгоизмге емес, балаға аударса, онда бала психологиясы «бұзылмайды». Ал, бірақ, бірге тұрған кезде ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасы әлдеқашан бұзылған болса және ата-ана «сендер үшін бірге тұрамыз, осының бәрі сендер үшін, сендер үшін шыдап жүрмін» дейтін болса, онда ажырасу процесі баланың психологиясына өте қауіпті болмақ және ол қауіп баланың санасынан ешқашан кетпейтін сызат болады. Баланың бойындағы өмірлік таңба болып қалады. Сондықтан, ажырасудан басқа амалы қалмаған отбасыларға айтатын бірінші кеңесім - екі тарап та эмоциясыз, өздеріне не керек екенін біліп, жасап жатқан қадамдарының салдарын дұрыс «есептей» отырып қана ажырасу туралы сөз бастау керек», - дейді Шолпан Әбілова. 

«КЕЗ КЕЛГЕН ЖАҒДАЙДА КЕЗ КЕЛГЕН ЖАСТАҒЫ БАЛАМЕН САНАСУ КЕРЕК»

Маманның айтуынша, ажырасу кезінде баланы бала ретінде көру қателік болады. Яғни, бүкіл отбасының тағдырын анықтайтын шақта баламен санасу, оны отбасындағы барлық жағдайды білуге құқылы адам ретінде, отбасының толық бір мүшесі және толыққанды тұлға ретінде қабылдау маңызды болмақ.

«Басты қағида – бұндай сәтте балаға бала ретінде қараудың қажеті жоқ.  Баланы отбасының толыққанды мүшесі ретінде қабылдап, көңіл бөлу керек. бала қанша жаста болса да, онымен санасу керек. Бірақ, баламен ақылдасу өте маңызды. Өйткені, бұл да бір өкініштің үлкен түрі болып қалады», - дейді ойын түйіндеген маман.

Яғни, мәселені қорытындылаған психологтың айтуынша, Қазақстан балалы отбасылардың ажырасу процесіне өте қатты назар аударып, тек ерлі-зайыптының талап арызын ғана емес, баланың сұранысын, оның пікірін, оның жан дүниесі қандай жағдайда екенін зерттеуге қазірден бастап көңіл бөлмесе, бүгінгі бала – ертеңгі қоғамның бір бөлшегін қауіпті жағдаймен бетпе-бет қалдырады.

Сымбат Молдатай

Серіктес жаңалықтары