Петропавлда екі жыл бұрын ғана төселген асфальттың астаң-кестеңі шығып жатыр
Қала жолдарын жөндеуге биыл 5 млрд теңге жұмсалмақ, бұл былтырмен салыстырғанда 12 есеге көп

Петропавл қаласындағы жолдар қармен бірге «еріп» кеткендей әсер қалдырады. Шаһар шетін былай қойғанда, орталық көшелердегі асфальттың өзі шұрық-тесік. Жүргізушілер қауымы жаман жолдың кесірінен көліктері жиі сынып, шығынға батып жатқандарын айтып шағымданды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
ҚАР ЖАПҚАН ПРОБЛЕМАНЫҢ БЕТІ ҚАЙТА АШЫЛДЫ
Соңғы жылдары облыс орталығындағы жолдардың сапасы тым нашарлап кеткені айқын аңғарылады. Шұңқыр болып қалған жерлерді қыс бойы қар жауып жатты. Осының әсерінен шұрық-тесік қатты байқала қойған жоқ. Қар ерігеннен кейін проблеманың беті қайта ашылды. Қазір қаланың шеткі аудандарын былай қойғанда, орталық көшелердің өзінде көліктің астын соқпай жүру мүмкін емес. Әрі еріген қар суы жағдайды күрделендіріп тұр. Шалшық толы кей көшелерде шұңқырлар дұрыс көрінбейді.
Қала тұрғыны Владимир Ковалев – такси қызметінде жұмыс істейді. Күн сайын таңнан кешке дейін тапқаны көлігінің қапқанынан қалмай жатқанын айтады. Сапасыз жолдардың кесірінен темір тұлпары жиі сынып, түрлі қосалқы бөлшектер сатып алуға тура келетінін айтады. Көлік жөндеу станцияларының да қызмет ақысы арзан емес екені баршаға мәлім.
«Соңғы жылдары қалада жолдарды жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын байқамадым. Салдарынан онсыз да жағдайы нашар асфальттың сапасы күрт нашарлап кетті. Ұсақ-түйек бөлшектерін ауыстырып тұратынымды есепке алмағанда, темір тұлпарымызды 2-3 айда бір рет станцияға кіргізіп, тексертіп тұрамын. Әйтпесе шашылып қала ма деп қорқып жүрмін. Бірде ұсақ, бірде ірі ақау табылып жатады. Жолдарды бір рет сапалы жөндеп қоюға болады ғой. Жоқ, оған жыл сайын бюджеттен ақша бөліп, қайта-қайта жамайды. Үнемі осындай жағдай. Жұмысты қалай болса солай атқарады. Өйткені құзырлы органдар тарапынан қадағалау жағы ақсап тұр. Салдарынан осындай шұңқырлар пайда болады. Әбден діңкелетті. Кейде жолдың нашарлығынан кей тапсырыстан бас тартуға тура келеді. Тұтынушылардың қиналатынын білемін. Бірақ онсыз да әзер жүрген көлігімді құрбан ете алмаймын. Өйткені мен үшін жалғыз табыс көзі осы», - дейді Владимир Ковалев.
САПАСЫЗ ЖОЛ ТҰРҒЫНДАР НАРАЗЫЛЫҒЫН ТУДЫРДЫ
Асфальт көлік иелерінің ғана емес, жергілікті тұрғындардың наразылығын тудырып жатыр. Шұңқырларға бірнеше көліктің дөңгелегі де түсіп кетіп, иелерін әбден әбігерге салған.
«Көлігім жиі сынады. Жөндеуге бір жұманың ішінде 2-3 рет апарамыз. Ол бізге қаншама шығын. Қазір көліктің бөлшек құралдары да өте қымбат. Кеше ғана әлеуметтік желіден 314-ші атқыштар дивизиясы көшесіндегі шұңқырға жеңіл көліктің дөңгелегі түсіп кетіп, шыға алмай жатқан бейнежазбаны көрдім. Сұмдық қой. Сол көлікті иесіне ешкім жөндеп бермесі анық. Кәдімгідей асты майысып қалған. Адамдар шығара алмаған соң экскаватор шақыртқан. Сол жерде жүк көлігі де батып жатты. Жүк көлігі батқан соң, жолдың жағдайын бағамдай беріңіз. Дәл сол көшеде 4-5 жыл бұрын ғана жаңадан асфальт салынғаны есімде. Қыста құбыр тартқан мердігер бәрін быт-шыт қылды да, кете барды. Енді өзі қайда? Жолды қалыпқа келтіре ме, жоқ па, ол жағы мен үшін беймәлім. Былтыр күзде Мағжан Жұмабаев көшесінде таза су құбыры жарылды. Оны жөндегеннен кейін орнын қалай болса солай жаба салды. Себебі ешкім қадағаламайды. Жұмыс жүрдім-бардым атқарылады. Жол жиегінде жаяу да алаңсыз жүре алмайсың. Көліктер лай суды шашыратып кетеді», - дейді Петропавл қаласының тұрғыны Александр Наурызов.
ЖОЛДАРДЫҢ ЖАҒДАЙЫ ҚАЙТА ТЕКСЕРІЛЕДІ
Көлік жүргізушілерінің сөзінше, 4-5 жыл бұрын салынған тас жол мен бірге екі жыл бұрын ғана төселген асфальттың да астаң-кестеңі шығып жатыр. Ал қала билігі сапасыз жолдарды дұрыс қабылдап алмайтын техникалық бақылау қызметкерлерінен көреді. Көбінің кепіл мерзімі өтіп кеткендіктен ешқандай шара қолдана алмайтындарын айтып отыр. Сәуір айынан бастап ең болмағанда кепіл мерзімі бітпеген жолдар қайта тексерілмек.
«Қар еріп толық жер құрғағаннан кейін қала әкімі 2021-2022 жылдары салынған барлық асфальтті жағдайын тексереді. Асфальттың толық кепкенін күтіп отырмыз. Егер бір ақаулар табылатын болса мердігерге кепілдік мерзіміне сәйкес шағым жолдаймыз. Олар сол құжатқа сәйкес жолдарды қалыпқа келтіруге міндетті», - дейді Петропавл қалалық әкімдігінің баспасөз хатшысы Эльмира Сәдуақасова.
Қала билігі Петропавлдың жолдарын жөндеуге 5 миллиард теңге жұмсайтынын айтады. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 12 есеге көп. Бірақ тұрғындар бұл қомақты қаржының да мақсатты жұмсалатынына сенімсіздікпен қарайтындарын айтады.
18 көше қамтылады. Алайда жобалық-сметалық құжаттар әлі дайын емес. Сондықтан жұмыстың нақты қай күні басталары белгісіз. Ал былтыр шаһарда үш шақырымдай ғана жол жөнделген. Облыс орталығындағы жолдардың жалпы ұзындығы 366 шақырымнан асады.