Киік саны: былтырғы мәселе биыл да қайталана ма?
1990 жылдан бастап елімізде киік аулауға заңды түрде тыйым салынған

Өткен жыл егін еккен шаруалар үшін киік санының күрт артуы өте өзекті болды. Батыс Қазақстан облысында жабайы тіршілік иесі шаруаларға тиесілі 700 мың гектар алқапты жайпап тастап, 9 мың гектарға жуық алқапқа егілген дәнді дақылды жеп кеткен. Осындай келеңсіздіктерден кейін былтыр Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі 80 мың бас киікті ату жөнінде шешім қабылдағаны, артынша осы шешімі үшін сол кездегі министр Серікқали Брекешев Мемлекет басшысынан сөгіс алғаны есімізде. Былтырғы жағдай биыл қандай болмақ? Мәселе шешімін тапты ма? Azattyq Ruhy тілшісі осы мәселені анықтап көрді.
Жуырда бұл мәселе Парламент Сенатының қабырғасында көтеріліп, киік санының күрт артуынан туындаған қиындықтар туралы айтылды.
«БИЫЛ КИІК САНЫ 2 МЛН-ҒА ЖЕТЕДІ»
Депутаттардың айтуынша Батыс Қазақстан облысындағы ауыл тұрғындары мен шаруа қожалықтарының алдында киік санының күрт өсу мәселесі әлі де өзекті болып отырған көрінеді.
Еске сала кетейік, 1990 жылдан бастап елімізде киік аулауға заңды түрде тыйым салынған.
«Бүгінгі күні Орал өңіріндегі киіктердің саны 2022 жылы – 1 млн 200 мыңға жетті. Осы жылы киіктер саны – 2 млн басқа жетеді деген болжам бар. Осы мәселемен 10 жылдан астам айналысқан Батыс Қазақстан облысының ғалымдарының қорытындысы бойынша Орал өңіріндегі шаруа қожалықтарына және киік популяциясын сақтауға оңтайлы киіктер саны 450-500 мың бастан аспауы керек. Бұл дегеніміз, 2023 жылы – 2 млн басқа жететін киік саны, ғалымдар көрсеткен саннан 4 есе артық деген сөз.
Киіктер санының өсуі, олардың шаруа қожалықтарының егіндіктеріне, шабындық және жайылымдық жерлеріне жайылуы, малға күні қараған ауыл тұрғындарының қысқа қамданып шөп жинай алмауына, егін еккен шаруаларға егінін жинауға және көктемде егіс егуге алған несиелерін өтей алмауына себеп болып отыр», - дейді депутаттар.
Сол сияқты қалыптасқан жағдай киік пен үй жануарлары арасындағы аурулардың бір-біріне жұқтыру ықтималдығын да арттырып отырған көрінеді. Бұл ретте киіктерге вакциналар егілмегенін ескерсек, түрлі аурулардың малдарға таралу қаупі өте жоғары. Оған мысал, 2015 жылы Орталық және Батыс Қазақстан облыстарында киік популяциясы «Пастереллез» ауруына ұшырап 200 мыңға жуық басқа азайған.
«Сонымен қатар, браконьерлерден тәркіленген киік мүйіздері (дериваттар) мәселесіне де назар аудару қажет деп ойлаймыз. Мысалы, 2017-2022 жылдары Батыс Қазақстан облысында киіктің 869 денесі мен 8262 дана дериваты (мүйізі) тәркіленген және де олар заңнамаларға сәйкес жойылған (өртелген). Облыс бойынша оларды сақтауға және жоюға жыл сайын жергілікті бюджеттен 40-50 млн теңге бөлінеді. Егер де киік дериватының (мүйіздері) көлеңкелі айналымда 1 килограммы 2 мың АҚШ долларына бағаланатынын ескерсек, өртеп жою шарасының экономикалық тұрғыдағы негізділігі күмән тудырады», - дейді сенаторлар.
Премьер-министрге жолдаған сауалда көтерілген тағы бір мәселе – талап-арыздардың орындалу көрсеткіші. Осы жылдары облыс бойынша сот шешімімен киік атуға, аулауға қатысты 147 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған, оларға 5,7 млрд теңге сомасына талап-арыздар қанағаттандырылған, алайда оның тек 32,8 млн теңгесі ғана (0,57%) өндіріліпті.
Аталған мәселелер мемлекет тарапынан реттеуді қажет етеді, яғни жануарлар әлемін сақтау – қоғам және қоршаған орта мүдделерінің үйлесіміне сәйкес болуы тиіс.
«Бұл мәселені шешу кешенді іс-шараларды жүргізуді ерекше қажет етеді. Бұл ретте, киіктердің табиғи мекендеу ортасында санын оңтайлы деңгейде сақтау және де ауыл тұрғындары мен ауылшаруашылық тауар өндірушілері мүдделерін ескеру маңызды деп санаймыз», - дейді сенаторлар.
Осыған байланысты мынадай ұсыныстарын жеткізді:
- киікті қорғауға бағытталған заңнамаларды зерттеп, өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеттілігін саралауды;
- киіктердің популяциясы, жыныстық және жас ерекшеліктері, өлім-жітім көрсеткіші мен көшіп-қону, су ішу аумақтары және жануарлардың тіршілігіне кедергі келтіретін факторларға мониторинг жасап, ғылыми зерттеулер жүргізуді;
- ғылыми зерттеулер негізінде Батыс Қазақстан облысының аумағында киіктерді ғылыми және өндірістік мақсаттарда ортадан шектеулі санын алуды;
- ішкі және сыртқы нарықта сауда жасау үшін киік мүйіздері мен айналымын бақылауды ұйымдастыра отырып, киіктердің дериваттарын (мүйіздерін) қайта өңдеу зауытын салуды, сондай-ақ тері мен етті өңдеу өндірісі үшін инвесторларды тарту мүмкіндігін қарастыруды;
- шаруа қожалықтарына егіс алқаптары мен шабындықтарының айналасына қоршаулар салуға арналған қаржыны мемлекет тарапынан субсидиялауды қарастыру қажеттігін ұсынамыз.
Иә, депутаттар көтерген мәселе былтырдан бері шешімін таппай келеді. Бірақ киікті ежелден киелі санаған халқымыз үшін оларды жаппай қырып салу да еш қисынсыз. Бұл мәселені Мемлекет басшысы былтыр экс-министр Серікқали Брекешев сөгіс жариялағанда да айтқан болатын.
«Министрге киіктердің көбеюі жөнінде талқы ұйымдастырғаны үшін сөгіс жариялаймын. Мәселені қоғамдық талқылаудың мұндай деңгейіне жеткізудің не қажеті бар? Бұл мәселеге кәсіби тұрғыда ұлттық менталитетті ескере отырып келу керек. Киіктер қазақ үшін қасиетті жануар, ал табиғаттан 80 мың киікті жою, яғни өлтіру туралы ұсыныс енгізіліп отыр. Басқа да тәсілдер жеткілікті ғой. Мамандармен ақылдасыңыздар, бұл ең шекті шара емес пе?» – деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.
КИІК САНЫН РЕТТЕУ ҮШІН ҚАНДАЙ МӘСЕЛЕЛЕР ШЕШІЛУІ ҚАЖЕТ?
Біз осы орайда киік мәселесін соңғы жылдары жиі қозғап жүрген экобелсенді Сәкен Ділдахметке хабарласып, жабайы тіршілік иесіне қатысты өзекті мәселелер жөнінде сұрап білдік.
«Шыны керек, өз басым киік санын реттеу туралы ұсыныс жасап отырған азаматтардың сол істің маманы екеніне күмәнім бар. Киікті қырудан бұрын, ең алдымен олардың миграциялық жолдарын қалпына келтіру мәселесі көтерілуі қажет. Сол сияқты бұл тіршілік иесі мекен ететін жердің біраз бөлігі ауыл шаруашылығы мақсатында беріліп кеткен. Биылғы болжам бойынша екі млн бас киік деген – ол көп емес. Ал санын реттеу бойынша Экология министрлігі айналысып жатыр. Бірақ оны қалай іске асыру қажет? Осыған жан-жақты көңіл бөлінуі керек. Санын реттеу жұмысы мемлекеттік бола ма, әлде жекеменшікке өте ме. Сол сияқты киіктің дериваттары нарыққа қалай шығарылады? Міне осындай мәселелер әлі шикі күйінде қалып отыр. Түйткілді проблемаларды ең алдымен шешіп алып барып, санын реттеу мәселесін қозғау қажет.
Ең үлкен мәселелердің бірі – киіктердің ауруы бар. Өкінішке қарай бұл проблема тіпті зерттеліп те жатқан жоқ. Егер 2015 жылғыдай жаппай қырылып қалса не болмақ? Саны өсіп кетті деп қырғаннан бұрын олардың ауруын зерттеу үшін тиісті қаржы бөлу мәселесін қозғағандары жөн. Жалғыз ғана киік қой, әлемде 100 пайыз Қазақстанда ғана мекен ететін», - деді белсенді.
Ол сөзін жалғай отырып, өзі көтерген мәселелерді сабақтап, жан-жақты түсіндіріп өтті.
«Киік негізі 10 облыста көшіп-қонып жүреді. Өкінішке қарай, көшу миграциялық жолдары жабылып қалған. Тасжолдар, үлкен магистральдар салып тастаған. Ал жол құрылысы кезінде жабайы жануарлар қиналмай қозғалуы үшін экологиялық жолдар салынуы керек. Мұндай өткелдер әдетте не жолдың үстімен, не астымен салынуы қажет. Ең алдымен киіктердің ары-бері қозғалуы үшін жолын ашып беруіміз қажет. Ішкі миграциялық жолын қалпына келтірсе, былтырғыдай проблема болмайтын еді. «ҚазАвтоЖол», Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі секілді жауапты мекемелер жол құрылысы кезінде осы мәселеге ерекше назар аударуы тиіс», - дейді Сәкен Ділдахмет.
Экобелсенді көтерген екінші мәселе – киіктердің көбі мекен ететін, төлдейтін, жайылатын жерлері бүгінде егістікке, мал шаруашылығына беріліп кеткен. Айтуынша, әкімдік осындай жерлерді шаруаларға бергенде жабайы жануарлардың көшіп-қонатын орындарын назарға алуы керек. Міне осы мәселе шешілмегеннен барып киік ауылға кіріп кетіп, егістікке түсіп жатыр, төрт түлік малдың жем-шөбіне ортақтасып жатыр.
«Үшінші үлкен мәселе – су тапшылығы. Экология министрлігі киіктерге арнап ұңғымалар қазып қоюы керек. Шөлдеген жабайы жануар су іздеп ауылдарға жиі кіріп кетеді.
Төртінші мәселе – киіктің ауруын зерттеу керек. Жоғарыда айтқанымдай, бұл мәселе тезірек шешімін таппайтын болса, бір-екі млн бас деп көпсініп отырғанымызбен, ертең бір-ақ күнде қырылып қалады.
Бесінші мәселе – киік санын реттеу бойынша әзірленген нақты бағдарлама жоқ. Оны экологиялық жүйеге зияны тимейтіндей етіп іске асыру мәселесі толық шешілмеген.
Алтыншы мәселе – киікті атқанның өзінде оны ресми түрде сату мүмкін емес. Себебі CITES конвенциясына (Құрып кету қаупі төнген жабайы фауна мен флора түрлерімен халықаралық сауда туралы конвенция) сәйкес, халықаралық деңгейде тыйым салынған. Ешбір мемлекет заңды түрде қабылдамайды. Міне осы мәселені Еуропаға барып шешу қажет. Ату туралы өз ішімізде шешім шығарғанымызбен киіктің еті мен дериваттарын ертең қай елдерге сата аламыз? Сол сияқты осы арқылы халықтың қандай сұранысы шешіледі? Ал мүйізінен дәрі жасалады деген ақпарат бар. Бірақ қандай дәрілер жасалады? Міне осының бәрі анықталмаған» - дейді С.Ділдахмет.
Сөз соңында киік саны бойынша өз есебінде нағыз норма 3 млн бастан барып есептелетінін айтып өтті.
Иә, бұл күрделі мәселе жуық арада шешімін табуы қажет. Егістікке зияны тисе арты азық-түлік қауіпсіздігіне де әсер етері белгілі. Санын реттеуді қажет ететіні анық. Бірақ арнайы бағдарламасы әзірленіп, заң аясында орындалғаны жөн. Жоғарыда айтылған проблемалар шешілмей, ату жөнінде шешім қабылданар болса, ертең жаппай қырып тастап, қайда жіберерін білмей отырса, не болмақ?! Бұл өз кезегінде экологиялық жүйеге де зиянын тигізетіні сөзсіз. Осы іске жауапты Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мәселені тезірек шешкені абзал.