СҚО-дағы Чапаев ауылының тұрғындары батпақтан аяқ алып жүре алмай қалды

Ауыл тұрғындарының сөзінше, қыс мезгілінде қар мүлде тазаланбаған

СҚО-дағы Чапаев ауылының тұрғындары батпақтан аяқ алып жүре алмай қалды

Солтүстік Қазақстан облысындағы Чапаев ауылының тұрғындары көшедегі ми батпақтан аяқ алып жүре алмай қалды. Көктем мезгілі келіп, қар еріген сәттен бастап елді мекен тұрғындарының үйіне, қора-қопсысына су кіре бастаған. Жергілікті халық қар тазалау жұмыстарын қадағаламаған әкімдік өкілдерін айыптап отыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Қызылжар ауданы Чапаев ауылы тұрғындары дабыл қағуда. Көктем мезгілі келіп, қар ерігеннен бастап ауылды су басып, жүретін жол жоқ. Аталған ауылда оңтүстіктен қоныс аударған 15 отбасы тұрады.

«Біз оңтүстіктен көшіп келдік. Әкім көшедегі қарды наурыздың 20-сына дейін тазалататынын айтқан. Сөзінде тұрған жоқ. Енді су болып ағып келіп жатыр. Сапалы асфальт та жоқ. Смета жасатқанын естіген едік. Одан кейін хабар жоқ. Суға толған қорада мал өліп жатыр. Жаңа туған 4 қозы кетті. Көршінің бұзауы өліп қалды», - дейді ауыл тұрғыны Гүлбахрам Манжанова.

Жергілікті билік өкілдері ауыл мәселесін енді ғана қолға алған. Тек бүгін елді мекен көшелеріндегі суды соруға екі мотопомпа бөлініп, қардан тазалайтын техникалар жұмысқа кірісті. Арнайы арықтар да қазылып жатыр. Чапаев тұрғындарының сөзінше, қыс мезгілінде қар мүлде тазаланбаған.

«Чапаев ауылында осыдан 3 күн бұрын жұмыстар басталды. Мотопомпалармен су сору тәулік бойы жүргізілуде. Арық қазу жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Тұрғындарды аулаларын қардан тазарту керек екенін де ескерткен болатынбыз», - дейді Қызылжар ауылдық округінің әкімі Бахытжан Ташева. 

Судан зардап шеккен тұрғындарға әкімдік тарапынан ешқандай материалдық көмек көрсетілмейді. Мамандар болжамынша, өңірде 89 елді мекенді су басуы мүмкін. Оның 42-сінде қауіп жоғары. Аталған ауылдарда 1,5 мыңға жуық адам тұрып жатыр.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.